Платформалар арқылы жұмыс істейтін миллионға жуық азаматтың еңбек құқығы, әлеуметтік кепілдіктері мен цифрлық сервистердің жауапкершілігі талқыланды
Қазақстанда цифрлық платформалар арқылы жұмыс істеп, табыс тауып жүрген азаматтардың саны артып келеді. Такси жүргізушілері мен курьерлерден бастап, түрлі қызмет көрсетушілерге дейін осы жүйе арқылы нәпақасын тауып отыр. Алайда платформалық жұмыспен қамту мүмкіндіктерімен қатар, мұндай қызметкерлердің құқықтық мәртебесі, әлеуметтік қорғалуы және еңбек жағдайына қатысты мәселелер де туындап отыр. Осы тақырып «Әділет» партиясының орталық аппаратында өткен «Платформалық жұмыспен қамтудың құқықтық реттеуі» атты дөңгелек үстелде талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында сөз алған «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов цифрлық платформалар арқылы жұмыс істеу еңбек нарығындағы маңызды бағыттардың біріне айналғанын айтты. Оның сөзінше, бұл сала азаматтарға табыс табудың жаңа жолын ашқанымен, олардың құқықтары мен әлеуметтік жағдайын қорғау мәселесі әлі де шешімін қажет етеді.
«Бүгінде еліміздің мыңдаған азамат осы салада такси жүргізушісі, курьер секілді түрлі қызмет түрін атқарып, өз табысын тауып жүр. Бұл дегеніміз – цифрлық платформалар арқылы жұмыспен қамтылудың жаңа мүмкіндігі. Алайда бұл бағытта азаматтардың мәртебесі мен әлеуметтік қорғалу мәселесі өзектілігін жоймай отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында үкіметке жыл соңына дейін цифрлық жұмыспен қамтудың оңтайландырған режимін қалыптастыру міндетін қойды. Бұл бағыт «Әділет» партиясының саяси бағдарламасында да нақты көзделген. Партия платформа арқылы жұмыс істейтін азаматтардың мүмкіндігін кеңейту, әлеуметтік жағынан осал топтарды қолдау және платформалардың жауапкершілігін нақты білуді айқындады», – деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Партия өкілінің айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сәйкес, 2026 жылдың қыркүйегінде 35 платформа арқылы қызмет көрсететін орындаушылардың саны 956 мыңға жеткен. Яғни, платформалық жұмыспен қамту мәселесі миллионға жуық адамның мүддесіне қатысты. Осыған байланысты дөңгелек үстелде саладағы бірнеше түйткілге назар аударылды.
Бірінші кезекте платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтардың құқықтық мәртебесін айқындау мәселесі тұр. Оларды жалдамалы қызметкер ретінде қарастыру керек пе, әлде өз бетінше жұмыс істейтін орындаушы деп тану қажет пе? Азаматпен азаматтық-құқықтық шарт жасалғанымен, жұмыс барысынан еңбек қатынастарына тән белгілер байқалса, оның құқықтары қалай қорғалуы тиіс? Бұл мәселе бұған дейін сот тәжірибесінде де қаралған.
Атап айтқанда, 2021 жылдың желтоқсанында Жоғарғы соттың әкімшілік істер жөніндегі алқасында курьер мен «Globa Қазақстан» ЖШС арасындағы дау қаралып, екі тараптың қарым-қатынасынан жасырын еңбек қатынастарының белгілері анықталған. Бұл жағдай тараптардың құқықтық байланысын тек шарттың атауына қарап бағалау жеткіліксіз екенін көрсетті. Ең алдымен, олардың іс жүзінде қалай жұмыс істейтіні мен өзара келісімінің сипаты ескерілуі керек.
Нұрсұлтан Байтілесов көтерген екінші мәселе – платформаларда еңбек ететін азаматтардың әлеуметтік кепілдіктері мен табысын қорғау. Оның пікірінше, мұндай жұмыскерлер зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалмауы қажет. Сонымен бірге платформалардың ұстайтын комиссиялық төлемдері мен жұмыс істеу тәртібі де түсінікті әрі ашық болуы маңызды.
Мәселен, азамат бірнеше күн жұмыс істеп, табыс тапқаннан кейін оның аккаунты кенеттен бұғатталып қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда ол өзіне тиесілі ақшаны қалай алады? Ал платформа қабылдаған шешіммен келіспесе, қайда жүгініп, қалай шағымдана алады? Осы сауалдарға нақты жауап беретін құқықтық тетіктер қарастырылуы қажет.
Үшінші мәселе цифрлық платформалардың жауапкершілігіне қатысты. Атап айтқанда, аккаунтты бұғаттауға негіз болатын себептер, алгоритмдер арқылы қабылданатын шешімдердің ашықтығы, техникалық ақаулар туралы хабарлау және орындаушылардың шағымдарын қарау тәртібі реттелуі керек.
Платформалар арқылы жұмыс істейтін миллионға жуық адамның құқығы сөз болды
«Әділетті орта» үйлестіру-талдау орталығының басшысы Абзал Құспан да цифрлық платформалардың қызметін заң аясында реттеудің маңызын атап өтті. Оның пікірінше, бұл мәселе тек белгілі бір сала мамандарына ғана емес, миллионға жуық азаматтың тағдырына қатысты. Сондықтан платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық тұрғыдан реттеу арқылы көптеген адамның еңбек құқығын қорғауға мүмкіндік бар.
«Мұнда миллиондаға азаматтың тағдыры жатыр. Егер оны заңнамалық тұрғыда іске асыратын болсақ, миллионға жуық азаматтың еңбек құқығын қорғайтын боламыз. Бұл – үлкен мәселе. Жиырма миллион халқы бар елдіміздің әрбір 9-10-тұрғынына қатысты мәселе ғой», – деді Абзал Құспан.
Оның айтуынша, «Әділетті орта» үйлестіру-талдау орталығы партияның жаңадан бекітілген бағдарламасы негізінде құрылған. Орталық қызметінің сегіз бағытының бірі – платформалық жұмыспен қамту жүйесінде қордаланған мәселелерді зерделеп, оларды шешу жолдарын қарастыру.
Ол бұл мәселені «Әділет» партиясының бекітілген жаңа бағдарламасы аясында құрылған «Әділетті орта» үйлестіру-талдау орталығының аяналысатын сегіз бағытты бірі – жүйедегі мәселені шешуді қарастырылғанын атап өтті.
Платформалар әлеуметтік төлемдерді аударуға міндетті
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Эльдар Күзенбаев платформалық жұмыспен қамту саласындағы қатынастарды реттеу үшін 2024 жылы Әлеуметтік кодекске бірқатар өзгеріс енгізілгенін еске салды.
Оның сөзінше, қазіргі еңбек нарығында цифрлық платформалар арқылы қызмет көрсету кең таралған. Бір адамның бірнеше платформада қатар жұмыс істеуі де қалыпты құбылысқа айналып отыр. Осы өзгерістерді ескере отырып, заңнамада платформалар арқылы табыс табатын азаматтарды әлеуметтік қорғауға бағытталған тетіктер қарастырылған.
«Бүгінгі экономикада цифрлық платформаның дамуы қалыпты жағдайға айналды. Әсіресе, азаматтарды жұмыспен қамту, бір емес, бірнеше платформада жұмыс істеу қалыпты дүниеге айналған. 26-35 жас аралығында 350 мыңдай адам, яғни халықтың 35 пайызы жұмыспен қамтылған. Бұл түзетулер платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Атап айтқанда, интернет-платформа операторларына салық агенті мәртебесі беріліп, оларға орындаушылардың табысынан салық пен әлеуметтік төлемді ұстап қалу міндеті жүктелген. Сонымен қатар платформалар арқылы жұмыс істейтін азаматтарға арнаулы салық режимін қолдану және әлеуметтік төлемнің мөлшерін таңдау мүмкіндігі қарастырылған. Тіпті, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған жаңа арнаулы салық режимі енгізілді. Ол табыстың 4 пайызы мөлшерінде әлеуметтік төлем төлей алады», – деді Эльдар Күзенбаев.
Жүргізушілерді цифрлық бақылау күшейеді
Дөңгелек үстелде платформалар арқылы қызмет көрсететін жүргізушілердің заң талаптарын сақтауына және жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігіне қатысты ұсыныстар да айтылды.
Бас прокуратураның қаржы департаментінің директоры Ілияс Испанов цифрландырудың қарқынды дамуы қоғамдық өмірдің көптеген саласына әсер етіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, бұл үдеріс құқық бұзушылықтарды анықтау мен олардың алдын алу тәсілдеріне де өзгеріс енгізген. Осы бағытта Бас прокурордың тапсырмасымен 2025 жылы цифрлық қадағалау жүйесі іске қосылған.
Қазір аталған жүйеге жүзден астам мемлекеттік дерекқор біріктірілген. Бұл әртүрлі ақпараттық базалардағы мәліметтерді салыстырып, қажетті деректерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, бейнемониторинг жүйесі де іске қосылып, оны құқық қорғау органдары Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп пайдаланып отыр.
«Бәріміз білеміз, цифрализацияның қарқынды дамуы біраз процестерге әсер еткені белгілі. Соның ішінде заңбұзушылар да одан тыс қалған жоқ. Бастысы осы мәселелерді бәрін біріктіру үшін Бас прокурордың тапсырмасына сәйкес, цифралық қадағалау жүйесі 2025 жылы іске қосылды. Қазіргі таңда жүзден астам мемлекеттік базаларды біріктірілді. Бұл жай ғана басын қосып қана қоймай, олардың арасында салыстыра отырып, артықшылығын көрсетеді. Оған қоса, жақында бейне мониторинг жүйесі де іске қосылды. Оны ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге құқық қорғау органдары қолданысқа алды. Бұл жүйе Қазақстандағы барлық видеокамераларды және дрондардан түскен суреттер мен видеоларды жайнақтап, ол жерде болып жатқан құқық бұзушылық немесе анау әртүрлі өрескел жағдайларды белгілеп, оны жүйелі түрде жауапты мемлекеттік органдарға жеткізіп, соның орындалуын бақылау прокуратураға жүктелген», – деді Ілияс Испанов.
Бас прокуратура өкілінің мәліметінше, цифрлық бақылау жүйесі платформаларда жұмыс істейтін азаматтардың заң талаптарын сақтауын тексеруге және қызмет алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Оның көмегімен іздеуде жүрген, жүргізуші куәлігінен айырылған немесе өзге де құқықтық шектеулері бар адамдарды анықтауға болады.
Қазіргі уақытта Бас прокуратура inDrive және Yandex агрегаторларымен бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Тексеру барысында аталған платформаларда жүргізуші куәлігінен айырылған, сондай-ақ басқа да заңдық шектеулері бар азаматтардың қызмет көрсетіп жүргені анықталған.
Осыған байланысты жүргізушілердің құжаттарын, сақтандыру полистерін және жұмыс істеуге қажетті рұқсаттарын автоматты түрде тексеру тетігін енгізу ұсынылды. Сонымен бірге жол қозғалысы ережелерін жиі бұзатын жүргізушілерге балдық жүйе қолдану мәселесі де көтерілді.
Тағы бір ұсыныс – мемлекеттік органдар мен интернет-платформалар арасындағы ақпарат алмасуды күшейту. Бұл шаралар цифрлық сервистер арқылы қызмет көрсететін азаматтардың заң талаптарын сақтауын бақылауға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.
Еңбек құқығы шарттың атауымен анықталмайды
Платформалық жұмыспен қамтуды құқықтық реттеу мәселесіне заңгерлер де өз пікірін білдірді. PhD, Maqsut Narikbayev University Associate Professor, заң ғылымдары департаментінің бас ғылыми қызметкері Мүсілім Хасеновтің пайымынша, бұл салада ең алдымен азаматтардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктеріне назар аудару қажет.
Оның пайымдауынша, цифрлық платформалардың пайда болуы еңбек қатынастарының сипатын өзгерткенімен, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы теңсіздік мәселесі әлі де сақталып отыр. Бұрын жұмыс беруші қызметкердің жұмысын тікелей бақыласа, қазір мұндай бақылау алгоритмдер арқылы жүзеге асуы мүмкін. Мәселен, тапсырыстарды бөлу, рейтингті төмендету, тариф белгілеу немесе аккаунтты бұғаттау – платформаның орындаушыға ықпал ету құралдары.
«Платформаларда жұмыс істейтіндердің барлығын автоматты түрде жалдамалы қызметкер деп тануға болмайды, десе де еңбек қатынасы азаматтық-құқықтық шартпен бүркемеленбеуі керек. Сондықтан платформаның жұмыс барысын қаншалықты басқаратыны, ақы мөлшерін белгілеуге ықпалы, орындаушының тапсырыстан бас тарту мүмкіндігі және оған қолданылатын санкциялар ескеріліп, еңбек қатынасының нақты шарттары заңда бекітілуі қажет. Сонымен қатар платформалық жұмыспен қамтылғандардың әлеуметтік қорғалуы тек шарттың түріне тәуелді болмауы керек. Мәселен, такси жүргізушісі немесе курьер еңбек шартымен жұмыс істемесе де, жұмыс барысында жарақат алуы мүмкін. Сондықтан барлық платформалық жұмыскерге жазатайым оқиғалардан қорғану сияқты базалық әлеуметтік кепілдік берілуге тиіс», – деді ол.
Мүсілім Хасенов платформалар арқылы еңбек ететін азаматтардың кәсіподақ құру және ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығын да заңнамалық деңгейде қарастыру қажет деп санайды.
Оның пікірінше, жұмыстың икемді болуы азаматтардың құқықтық тұрғыдан қорғалмауына себеп болмауы керек. Сонымен қатар әлеуметтік қорғау тетіктерін енгізу цифрлық платформалардың экономикалық артықшылықтарына нұқсан келтірмеуі тиіс. Бұл ретте платформалардың дамуына мүмкіндік бере отырып, сол жүйеде жұмыс істейтін азаматтардың да мүддесін ескеру маң