Бұл туралы елордалық тұрғын әлеуметтік желіге жазды
Астанада LRT құрылысы уақытқа қарамай, қарқынды жүріп жатыр. Бірақ қала тұрғындарының бірі түнде құрылыс алаңынан шыққан шудың кесірінен ұйықтай алмағанын айтып, әлеуметтік желіде шағымданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Автордың пікірінше, 15 қараша күні сағат 23:36 шамасында Сығанақ көшесінде LRT құрылысы тоқтамай, қатты шулаған. Оның сөзінше, олар түнгі тыныштықты бұзып, маңайдағы тұрғындардың мазасын алған.
«Бұлар біздің елдің заңына бағынбай ма? Құқық қорғау органдары қайда қарап отыр?», – деп жазды ол Threads әлеуметтік желісінде.
Бірақ кей тұрғындар мамандардың күн-түні жұмыс істеп, тез аяқтағаны дұрыс екенін жазған.
Осы жағдайға байланысты CTS қоғаммен байланыс департаментің директоры редакция тілшісінің сауалына жауап берді.
«Барлығы заң аясында болу керек. Егер түнде құрылыс алаңынан шу шықса, тұрғындар полицияға шағымдана алады. Түнгі тыныштықты бұзғандар жазаланады. Иә, жұмыс түнде де жүреді, себебі аяз түскенге дейін үлгеруі керек. Бірақ, ең бастысы халыққа зиян келмеуі қажет», – деді Оксана Әубәкірова.
Айта кетейік, жақында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Tarlan Astana жобасының екінші кезеңі жайлы жазба жариялаған еді.
«Өз тарапымыздан құрылыс жұмысын барынша ерте және сапалы аяқтау үшін бар күшімізді саламыз. Мәселен, бүгінде Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік желісінің Қосшы қаласына қарай бағытталған екінші кезеңінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Келесі жылдың соңына дейін барлық жұмысты аяқтап, қозғалысты ашуды жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Айта кетейік, Астана қаласында жыл басынан бері түнде тыныштық бұзған 52 мыңнан астам факті тіркелген көрінеді.