Туыстары оны Қазақстанға жеткізу үшін рұқсат күтіп отыр
Таиландтың Пхукет аралында ауыр жарақат алған 79 жастағы Михаил Гниненконың жағдайы жақсарып келеді. Алайда оған әлі де өкпені жасанды желдету аппараты қосылып тұр. Ал туыстары оны елге жеткізуге қажет медициналық құжаттарды күтіп отыр. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігінің тілшісіне оның жиені Иван Галезник мәлімдеді.
Айта кетейік, Астанадағы дезинфекция станциясының бұрынғы бас дәрігері Михаил Григорьевич 3 қараша күні жұбайымен бірге демалысқа барған. Алайда Тайландқа жеткен күні баспалдақтан құлап, ауыр бас-ми жарақатын алды. Жергілікті ауруханада шұғыл күрделі ота жасалды.
Иван Галезниктің айтуынша, науқас қазір көзін қайта-қайта ашып, өзіне айтылған сөздерге реакция білдіре бастаған. Оң қолын қимылдатып, ым-ишара да жасай алады. Бірақ толық сөйлеуге мүмкіндігі жоқ.
Туыстарының қазіргі мақсаты – Михаил Гниненконы Қазақстанға жеткізіп, Астанадағы мамандандырылған нейрохирургия бөлімшесіне жатқызу.
«Қазір қажетті құжаттарды күтіп отырмыз. Қазақстанға тез арада жеткізу үшін қолдан келгеннің барлығын жасап жатырмыз. Әуелі томографияға түсіріп, кейін дәрігерлер арнайы медициналық сауалнама толтырады. Содан кейін ғана тасымалдауға қатысты қорытынды шығарады. Ал құжаттарды Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаймыз», – деді ол.
Қазір олар Пхукеттегі Vachira Phuket ауруханасына шамамен 6,53 миллион теңге қарыз. Ал сақтандыру қорындағы 10 мың долларлық лимит емнің алғашқы күндерінде-ақ таусылған.
«Ресми түрде қаражат жинауды бастамадық, десе де жағдайымызға бейжай қарамай, өз еркімен көмек ұсынған адамдар бар. Әрқайсына алғысымыз шексіз», – деді ол.
Еске салайық, бұған дейін дәрігерлер медициналық көрсеткіштерге байланысты Михаил Гниненконы тасымалдауға болмайтынын айтқан. Ал Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов қазақстандық дипломаттардың мамандармен тағы да кездесіп, тағы талқылайтынын мәлімдеді.