Бірнеше өңірде жол қозғалысына қойылған шектеулер алынды: тасжолдар ашылды

Автор: Дәулет Ботагөз

15 қараша күні сағат 11:45-тен бастап республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысы қайта жанданды

Фото: depositphotos.com

Ауа райының тұрақталуына байланысты еліміздің бірнеше өңірінде уақытша шектелген республикалық маңызы бар автожолдарда көлік қозғалысы қайта жанданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін, 15 қараша күні сағат 11:45-тен бастап Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы бірқатар автожол учаскесінде барлық көлік түрі үшін қозғалыс қайта ашылды.

Ақмола облысында «Көкшетау – Атбасар» автожолының 0–184 шақырым аралығында, «Щучинск – Зеренді» жолының 0–77 шақырымында, сондай-ақ «Астана – Көкшетау – Петропавл – РФ шекарасы» автожолының Щучинскіден Көкшетауға дейінгі 232–302 шақырым учаскесінде барлық көлік түрі үшін қозғалыс қайта ашылды.

Солтүстік Қазақстан облысында да сағат 11:45-тен бастап республикалық және облысаралық трассалардың басым бөлігіндегі шектеулер алынды. Атап айтқанда, Астана, Қостанай және Жезқазған бағыттарындағы облысаралық жолдар, Петропавл қаласы мен Ресей шекарасына (Қызыл Жар және Қарақоға өткізу пункттері) апаратын учаскелер, сондай-ақ Булаево, Сергиевка, Тимирязево және өзге де аудандарды байланыстыратын бағыттар ашылды.

Ақтөбе облысында сағат 12:00-ден бастап «Қостанай – Рудный – Денисовка – Комсомольское – Қарабұтақ» автожолының 309–461 шақырым аралығында (Қостанай облысының шекарасынан Т. Жүргенов ауылына дейін) барлық көлік түрлерінің қозғалысына рұқсат берілді.

«ҚазАвтоЖол» өкілдері жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырады. Ауа райы мен жол жағдайы туралы жедел ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығынан алуға болады.