Ер адам қыстаудан Балқаш қаласына қарай жаяу шыққан
Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында құтқарушылар ауқымды іздестіру жұмыстарын жүргізді. Далада жол таба алмай қалған азамат жедел-құтқару жасағының көмегімен қауіпсіз жерге жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖМ мәліметінше, оқиға күндіз болған. 1982 жылы туған ер адам қыстаудан Балқаш қаласына қарай жаяу шыққан. Алайда жолда бағдарынан жаңылып, далада адасып кеткен.
Іздеу жұмыстары кезінде құтқарушылар ер адаммен байланысқа шығып, оның нақты геолокация координаталарын алған. Мамандар көрсетілген аумақты тексеріп, «Ақбұзат» қыстауынан солтүстікке қарай 10 шақырым жерден азаматты аман-есен тапты.
Ер адам дереу Балқаш қаласына жеткізілді. Оған медициналық көмек қажет болмаған.