Олар Алматы қаласының 20 және 23 жастағы тұрғындары болып шықты
Алматы қаласында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, қауіпті маневрлер жасаған екі жүргізуші полиция назарына ілікті. Әлеуметтік желілерде тараған видеоқолжазба тәртіп сақшыларының жедел ден қоюына себеп болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбалардан екі көлік жүргізушісінің жол қозғалысының басқа қатысушыларына қауіп төндіргені байқалады.
Әкімшілік полицияның іздестіру бөлімшесі жүргізушілердің жеке басын анықтады. Олар Алматы қаласының 20 және 23 жастағы тұрғындары болып шықты. Тексеру барысында екеуінің де қауіпсіздік белдігін тағу талабын өрескел бұзғаны және жолда қауіпті маневрлер жасағаны расталды.
Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, заңға сәйкес жауапкершілікке тартылды.
Тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерде жарияланатын жол ережесін бұзу деректерінің барлығы қатаң тексерілетінін еске салады.
«Рөлдегі жауапсыздық бір сәтте қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Жол – жарыс алаңы емес. Жол қозғалысы ережелерін сақтап, өзіңіз бен өзгелердің өміріне қауіп төндірмеңіз», – деп атап өтті полиция өкілдері.