Ішкі істер министрлігі бөгде адамдар үшін WhatsApp аккаунттарын ашу арқылы «жеңіл ақша табу» ұсыныстарының қауіпті екенін мәлімдеді
Ішкі істер министрлігі SIM-карталарды тіркеу және бөгде адамдар үшін WhatsApp аккаунттарын ашу арқылы «жеңіл ақша табу» ұсыныстарының қауіпті екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, алаяқтар азаматтарды, әсіресе жасөспірімдер мен жастарды заңсыз әрекеттерге тартуға тырысады. Олар ақшалай сыйақы ұсыну арқылы өзгенің атына SIM-карта сатып алуды, WhatsApp-аккаунт тіркеуді, сондай-ақ растау кодтары мен кіру деректерін беруді сұрайды.
Кейін бұл нөмірлер мен аккаунттар азаматтарды алдау, олардың қаражатын жымқыру, зиянды сілтемелер тарату және жалған парақшалар ашу үшін пайдаланылады.
Ең бастысы, SIM-карта мен аккаунтты өз атына рәсімдеген азаматтардың өзі де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Себебі заңсыз әрекеттер тіркелген нөмір иесінің атымен жүзеге асырылады.
Осыған байланысты Ішкі істер министрлігі азаматтарды бейтаныс адамдардың өтінішімен SIM-карта рәсімдемеуге, жеке деректер мен растау кодтарын ешкімге бермеуге шақырады. Сондай-ақ ата-аналарға балаларымен сөйлесіп, «жеңіл табыс» ұсынатын күмәнді ұсыныстардың артында ауыр қылмыстар тұруы мүмкін екенін түсіндіру ұсынылады.