Еліміздің төрт қаласында ауа сапасы нашарлайды

Автор: Дәулет Ботагөз

15 қарашада Қарағанды және тағы үш қалада қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі

Фото: © istockphoto.com

Бүгін, 15 қарашада республиканың төрт қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауа сапасының нашарлауы күтіледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.

Синоптиктердің мәліметінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) Қарағанды, Жезқазған және Теміртау қалаларында болжанып отыр. Ал Көкшетау қаласында мұндай жағдай тек түнгі уақытта күтіледі.

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – бұл атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мамандардың мәліметінше, бұл қалаларда баяу жел, инверсия және тұман сияқты факторлар бірігіп, жерге жақын қабатта ластаушы заттардың шоғырлануына әкеп соғады. Мұндай жағдай адам денсаулығына тікелей әсер етуі мүмкін.

Ауаның ластануы кезінде мамандар келесі ережелерді сақтауды ұсынады:

1.Тас жолдар мен өндіріс орындарына жақын жерде ұзақ жүрмеген абзал.

2.Өкпе, жүрек-қан тамырлары аурулары бар және аллергияға бейім жандар өзімен бірге қажетті дәрі-дәрмектерін алып жүруі тиіс.

3.Таза ауада спортпен шұғылдануды немесе ауыр физикалық жұмыс істеуді уақытша тоқтата тұрған жөн.