Күдікті 2024 жылдан бері шетелде жүріп, радикалды идеяларды таратумен айналысқан
Қазақстанда діни экстремизмді насихаттап, алауыздық тудырды деген күдікпен 44 жастағы ер адам қолға түсті. Ішкі істер министрлігі қызметкерлерінің ұзақ уақыт жүргізген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде оның заңға қайшы әрекеттерінің жолы кесілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті 2024 жылдан бері шетелде жүріп, радикалды идеяларды таратумен айналысқан. Ол Telegram мессенджеріндегі жабық топтарды басқарып, онлайн дәрістер өткізген және өз жақтастарына идеологиялық ықпал еткен.
Сонымен қатар күдіктінің бұрын жарияланған бірнеше аудиодәрісі сот шешімімен терроризмді насихаттау және діни алауыздықты қоздыру белгілері бар экстремистік материалдар деп танылған.
Шетелдік теологиялық оқу орындарында білім алған күдікті өз беделін пайдаланып, 2024–2025 жылдары жақтастарынан 60 миллион теңгеден астам қаражат жинаған.
11 қарашада өткізілген ауқымды жедел шаралар кезінде күдікті Алматы қаласында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
ІІМ өкілдері Алматы қаласы мен Жамбыл облысында бір мезгілде тергеу амалдарын жүргізді. Тінту барысында экстремистік идеология белгілері бар діни әдебиеттер мен қолжазба материалдар тәркіленді. Қазіргі уақытта қылмыстық іске қатысы бар өзге де сыбайластарды анықтау жұмыстары жүріп жатыр.