Акция республиканың 17 облысы мен 3 мегаполисін түгел қамтыды
«Әділет» партиясының Жастар қанаты еліміз бойынша «Вандализмге жол жоқ!» ауқымды акциясын табысты жалғастырып келеді. Тарихи мұраны қорғауға, қоғамдық тәртіпті нығайтуға және вандализмнің алдын алуға бағытталған бұл игі бастамаға осы уақытқа дейін 6 мыңнан астам белсенді жас қатысты. Акция республиканың 17 облысы мен 3 мегаполисін түгел қамтыды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Әділет» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі тапсырмасы аясында қолға алынған бұл жұмыс «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының мақсаттарымен тікелей үндеседі. «Әділет» жастары бұл шараны бір реттік науқанмен шектемей, жүйелі түрде жүргізіп, бүгінге дейін 100-ге жуық тарихи-мәдени нысан мен қоғамдық орынды ретке келтірді.
Кезекті акция барысында 2 мыңнан астам жас, қоғам белсенділері, пікір көшбасшылары мен экобелсенділер жұмыла ескерткіштердегі граффити жазуларын өшіріп, қоғамдық орындар мен табиғи аумақтарды қоқыстан тазартты.
Өңірлерде қоғамдық орындар мен тарихи нысандарды вандализм іздерінен тазарту жұмыстары жүргізілді. Өскемен қаласы маңындағы орманды алқапта орналасқан жартас бетіндегі жазулар арнайы тазартқыш құралдардың көмегімен өшірілді.
Қостанай облысында жастар Ахмет Байтұрсынұлының ескерткішін, Орталық саябақтағы нысандарды және Тың игерушілерге арналған ескерткішті вандализм іздерінен тазартты. Қарағанды мен Абай облыстарында тұрғындарға вандализмнің зияны түсіндіріліп, қоғамдық орындардағы орындықтар мен инфрақұрылым нысандары ретке келтірілді. Ал Шымкент қаласында Алаш қайраткерлеріне арналған «Алаш жолы» ескерткіші тазартылды.
«Табиғи нысанды бүлдіру оңай, ал оны қалпына келтіру көп уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Сондықтан бұл акцияның басты нәтижесі – тазартылған нысандардың саны ғана емес, жастардың бойында табиғатқа деген жауапкершіліктің қалыптасуы. Табиғатты қорғау бір реттік сенбілікпен шектелмей, күнделікті әдетке айналуы тиіс. Өйткені табиғи және тарихи мұраны келер ұрпаққа аман жеткізу – баршамызға ортақ міндет», – деді ол.
«Тарихи ескерткіштер мен қоғамдық орындарды күтіп ұстау тек жауапты мекемелердің міндеті емес. Вандализмге жол бермеу үшін тұрғындардың да бейжай қарамауы маңызды. Мұндай әрекеттерге қоғам болып төзбеушілік танытқанда ғана олардың алдын алуға болады. Сондықтан біз тазалық жұмыстарымен қатар, адамдардың қоғамдық мүлікке деген көзқарасын өзгертуге де мән береміз», – деді Аружан Сәрсенбаева.
Ұйым өкілдері алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды еліміздің барлық өңірінде жалғастырмақ.