Қазақстанда алдағы үш күнде ауа райы күрт өзгереді

Автор: Алмас Ерсін

Синоптиктердің болжамынша, кей өңірлерде 18 градусқа дейін аяз болып, жел күшейеді. Ал оңтүстікте күндіз ауа температурасы +15 градусқа дейін көтеріледі

Фото: istockphoto.com

Алдағы үш күнде Қазақстанның басым бөлігінде жаңбыр мен қар жауады. Кей өңірлерде қатты жауын-шашын түсіп, жел күшейеді. Сондай-ақ түнде және таңертең тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап. 

Синоптиктердің болжамынша, 15 қарашада еліміздің батысында қатты жаңбыр жауады. Ал 16 қарашада Батыс Қазақстан облысында жаңбыр мен қар түрінде қатты жауын-шашын күтіледі. Жауын-шашынсыз ауа райы тек Қызылорда облысында болжанып отыр.

Батыс пен солтүстікте ауа райы қандай болады?

Еліміздің батысында түнгі ауа температурасы +2…+8 градустан +6…+11 градусқа дейін көтеріледі. Алайда 16 қарашада -2…+3 градусқа дейін төмендейді. Күндіз +8…+13 градустан +1…+8 градусқа дейін салқындайды.

Оңтүстік-батыста түнде ауа температурасы +4…+9 градустан 0…+5 градусқа дейін төмендейді. Күндіз +5…+15 градус аралығында болады.

Солтүстік-батыста түнде -3…+3 градус, күндіз +2…+11 градус жылы болады.

Солтүстік өңірлерде түнде -5…+2 градус аяз күтіледі. Күндіз ауа температурасы -2…+5 градус аралығында болады. Ал Павлодар облысында түнде -3…-8 градусқа дейін суытып, күндіз -2…+3 градус болады.

Орталық пен шығыста аяз күшейеді

Еліміздің орталық бөлігінде түнде ауа температурасы -2…-10 градусқа дейін төмендейді. Күндіз -3…+5 градус аралығында болады.

Шығыс Қазақстанда түнгі температура -1…-8 градустан -6…-13 градусқа дейін төмендейді. Күндіз -5…+3 градус шамасында болады.

Оңтүстікте күн жылынады

Қазақстанның оңтүстігінде түнде ауа температурасы -5…+3 градус аралығында болады. Күндіз +5…+12 градустан +7…+15 градусқа дейін көтеріледі.

Оңтүстік-шығыста түнде -1…-6 градустан -5…-10 градусқа дейін суытады. Таулы аудандарда -13…-18 градус аяз болады. Күндіз ауа температурасы 0…+10 градус аралығында, таулы аймақтарда -3…-8 градус шамасында сақталады.

Синоптиктер республика аумағында жел күшейіп, түнгі және таңертеңгі уақытта тұман түсетінін ескертеді. Жолдарда көктайғақ болуы мүмкін.