Биыл 10 айдың ішінде Қазақстанда есірткіге қатысты 6500-ден астам құқықбұзушылық тіркелген
Құрылтайда «Әділет» партиясының депутаты Дидарбек Ділдәбектің «Жастардың синтетикалық есірткі тасымалы мен дропперлікке тартылуының алдын алу және ведомствоаралық үйлестіруді күшейту туралы» депутаттық сауалы талқыланған жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында депутаттың сауалына Ішкі істер министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі және Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілдері жауап берді. Атап айтқанда, ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов биыл есірткі қылмысына 74 жасөспірімнің тартылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында депутат Дидарбек Ділдәбек есірткі қылмысына қарсы күресте неліктен ірі қалаларда, әсіресе Астана, Алматы және Шымкент сияқты студенттер көп тұратын өңірлерде есірткімен күрес жұмыстарының төмен екеніне назар аударып, ескерту жасады. Сонымен қатар жауапты органдарға осы мәселе бойынша жазбаша жауап жіберуін сұрады.
Айта кетейік, қазан айының басында «Әділет» партиясының депутаты Құрылтай отырысында 4 негізгі жағдайға тоқталып, шара қабылдау қажет екенін айтып, ұсыныс білдірген еді.
Атап айтқанда, біріншіден, оқу жылының алғашқы 15 күнінде бірінші курс студенттеріне есірткі қылмыстары мен банк шоттарын өзге адамдарға берудің қаупін түсіндіруді жүйелі ұйымдастыру қажет. Құқық қорғау органдарының оқу орындары қызметкерлерімен және психологтарымен тұрақты бірлескен жұмысын жолға қойып, профилактикаға қатысатын мамандарды жастармен жұмыс істеуге арнайы даярлау керек.
Екіншіден, жастардың банк карталары мен шоттарын заңсыз пайдаланудан қорғауды күшейту қажет. 14 пен 22 жас аралығындағы азаматтардың 50 мың теңгеден асатын тұлғааралық аударымдарына қосымша биометриялық растау енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз. Студенттерді шоттарын сыйақыға беруге тарту мен күмәнді операцияларды ерте анықтау үшін банктер, құқық қорғау органдары және оқу орындары арасында жедел ақпарат алмасуды жолға қойып, тиісті міндеттерін орындамаған банктердің жауапкершілігін қарастыру керек.
Үшіншіден, «Отбасының цифрлық картасы» арқылы әлеуметтік осал жастардың қажеттіліктерін анықтап, атаулы көмек көрсету қажет. Оның ішінде мұқтаж колледж студенттерін тегін тамақпен және киімге арналған ваучерлермен қамтуды, коммуналдық кәсіпорындар базасында еңбек заңнамасына сай күнделікті ақы төленетін қысқа мерзімді жұмыс орындарын ұйымдастыруды қарастыру маңызды.
Төртіншіден, құқық қорғау органдары мен қаржы, цифрландыру, еңбек және білім салаларының тұрақты ведомствоаралық үйлестіру тетігін күшейту қажет. Әр органның міндеті, ақпарат алмасу тәртібі, орындау мерзімі және ортақ нәтиже көрсеткіштері белгіленуге тиіс. Бұл тетік қылмыстық схемаларды анықтауды, заңсыз қаржы ағынын тоқтатуды және тәуекел тобындағы жастарға көмек көрсетуді өзара байланыстыруы керек.
Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, биыл 10 айдың ішінде Қазақстанда есірткіге қатысты 6500-ден астам құқықбұзушылық тіркелген. Оның 3100-і қылмыс санатына жатады. Соның ішінде есірткі өткізу және сату бойынша 1990 дерек анықталған.
Есірткі қылмысына тартылған 74 жасөспірімнің 18-і – қыз бала, 56-сы – ұл бала. Олардың 41-і колледжде, 22-сі мектепте оқиды. Қалғандарының оқу мәртебесі туралы мәлімет айтылған жоқ.
«Көбінесе жастар, яғни студенттер шоғырланған қалаларда есірткі қылмысына тарту мәселесі кездеседі. Мәселен, Шымкентте – 20, Астанада – 19, Алматыда 12 жасөспірім анықталды. Шығыс Қазақстан облысында – 6, Павлодар мен Маңғыстау облыстарында үш-үштен дерек тіркелді. Өңірлерде мұндай жағдай аздау болғанымен, үлкен қалаларда студенттер табыс көзін іздеген кезде осындай қылмысқа тап болып жатады», – деді полиция полковнигі.
Оның сөзінше, есірткі қылмысына тартылған жасөспірімдердің 40-ы есірткі заттарын жасырын орындарға орналастырумен, яғни «закладка» қоюмен айналысқан. Екеуі трафарет таратқан, қалғандары есірткі тасымалдаған. Сонымен қатар олардың отбасылық және әлеуметтік жағдайы зерттеліп жатыр.
«Олардың 68 пайызы жағдайы нашар отбасынан шыққан. Біз әр баланың отбасылық жағдайын, ата-анасының ажырасқан-ажыраспағанын, ұл ма, қыз ба, сабаққа қатыса ма, соның бәрін қараймыз. Мысалы, Алматыда студенттің үш ай бойы сабаққа бармағаны анықталды. Беске оқитын студентті дәріске кіргізе береді, ал сабаққа қатыспайтын баланы неге іздемейміз? Егер студент сабақтан қалмай, дәріске қатысса, бәлкім, есірткі қылмысына бармас па еді? Сондықтан жастарды бақылау жұмысы тек құқық қорғау органдарының емес, оқу орындарының да міндеті болуы керек», – деді ол.
ІІМ өкілінің мәліметінше, биыл жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу мақсатында 20 мың профилактикалық іс-шара өткізілген. Сонымен қатар заңнамалық өзгерістер күшіне енгеннен кейін есірткі қылмысы бойынша сотталған 900-ге жуық адам бостандыққа шыққан. Оның 87-сі рақымшылыққа іліккен. Қазіргі уақытта 461 адам волонтерлік қызметке қосылып жатыр.
Отырыс барысында «Әділет» партиясының депутаты Тілектес Адамбеков есірткі тасымалына және дропперлікке тартылған жастарға тағайындалатын жаза мәселесін көтерді. Оның пікірінше, мұндай қылмыстар үшін сотталғандардың басым бөлігі алғаш рет қылмыс жасаған жастар. Алайда олар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылып, жазасын өтегеннен кейін қоғамға қайта бейімделуде қиындықтарға тап болады.
«Заңға қарасақ, дропперлердің өзі ұсталса, шамамен 10 жылға сотталады. Статистика бойынша көбінесе жастар сотталып жатыр. Көбі бірінші рет сотталғандар. Бұл заң бойынша түрмеде отырғандардың жағдайы, ашығын айтқанда, қиындау. Әкем осы салада 40 жыл жұмыс істеген. Сондықтан жағдайды білемін. Біріншіден, олар ұзақ мерзімге сотталады. Екіншіден, түрмедегі жағдайлары қиын. Жазасын өтеп шыққан соң олардың қоғамға қайта оралып, дұрыс жолмен өмір сүруі өте қиын. Бұл – үлкен жүйе. Бір кірсең, қайта шыға алмайсың», – деді депутат.
Ол кей жағдайда адам өлтіргені үшін сотталғандарға қарағанда есірткі тасымалы немесе дропперлікпен айналысқан жастардың жазасы ауыр болуы мүмкін екенін айтып, бұл мәселені қайта қарау қажеттігін жеткізді.
Бақытжан Әмірхановтың мәліметінше, бүгінде Қазақстанда есірткі қылмысы бойынша 3652 адам бас бостандығынан айырылған. Оның 3378-і – ер адам, 274-і – әйел. Олардың арасында 23 кәмелетке толмаған бар. Сотталғандардың 2673-і бірінші рет қылмыс жасаған, 979-ы бұрын да сотталған. Ал шамамен 2600 адам 18 бен 30 жас аралығында.
Полиция полковнигі синтетикалық есірткі саудасына көбіне жастар тартылатынын, ал марихуана мен гашиш тұтынатындардың арасында жасы 50-ден асқан адамдар да кездесетінін атап өтті. Оның айтуынша, есірткі тұтынушылардың 60-70 пайызы оны Telegram арқылы сатып алады.
Бақытжан Әмірханов есірткі саудасына қарсы күресте интернет кеңістігін бақылау жұмыстары да күшейтілгенін айтты. Оның мәліметінше, киберқадағалау нәтижесінде 24 мың ресурс анықталып, оның 10 мыңнан астамы бұғатталған.
«Бұғатталған ресурстардың үлесі былтыр 28 пайыз болған. Биыл бұл көрсеткіш артты. Дегенмен цифрлық және техникалық тұрғыда шешімін күткен мәселелер бар. Мысалы, Павлодарда жасанды интеллект көмегімен «Антинорко» деген ірі жоба әзірленіп жатыр. Сонымен қатар ескерту хабарламаларын жібереміз, такси қызметтерімен де жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселелер кезең-кезеңімен реттеліп келеді», – деді ол.
ІІМ өкілі есірткі саудасымен айналысатын адамдар жастарды қылмысқа тарту кезінде олардың сеніміне кіріп, ұсталған жағдайда кәмелетке толмағандықтан тез босап шығатынын айтып алдайтынын жеткізді. Алайда бұл – жалған түсінік.
Оның сөзінше, интернетті жастар үшін толық шектеу мүмкін емес, себебі ол білім алу мен күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналған. Сондықтан есірткіге қарсы күресте тек интернет-ресурстарды бұғаттау мен жазалау шараларына сүйенбей, жастардың психологиялық төзімділігін қалыптастыру қажет.
«Қазір аддиктология деген ғылым бар. Сол бағытта жұмыс істеуіміз керек. Яғни жастардың психологиялық тұрғыдан есірткіге қарсы тұру қабілетін қалыптастыру қажет. Әлемнің 64 елінде жүргізілген зерттеулерге сүйенсек, мектепте бір оқушы есірткі тасымалымен айналыса бастаса, айналасындағы тағы 10 адамды осы іске тартуы мүмкін. Сондықтан мәселенің алдын алу өте маңызды», – деді Бақытжан Әмірханов.
Ол есірткі қылмысының басқа құқықбұзушылықтардан ерекшелігіне де тоқталды. Мәселен, ұрлық – нақты жасалған қылмыс болса, есірткі тасымалы көбіне жасырын жүйе арқылы жүзеге асады. Сондықтан мұндай қылмыстарды анықтау күрделі. Сонымен қатар қылмыстық әрекеттің әрбір дерегі анықталған сайын жаза мерзімі де ұлғаюы мүмкін.
Әмірхановтың айтуынша, соңғы уақытта есірткіге қарсы заңнамалық және профилактикалық жұмыстар күшейтілген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті сегіз, Ішкі істер министрлігі 23 есірткі зертханасын анықтаған. Жалпы 30-дан астам зертханадан бір тоннадан астам синтетикалық есірткі тәркіленген.
ІІМ өкілі есірткі қылмысының алдын алуда ата-ананың жауапкершілігіне де ерекше назар аудару керектігін айтты. Оның пікірінше, баланың бос уақытын, араласатын ортасын, сабаққа қатысуын бақылау – отбасының да міндеті.
«Ата-аналардың жауапкершілігін күшейту керек. Бала тәрбиесіне үлкен көңіл бөлген жөн. Отбасындағы әке мен ана баласының не істеп жүргенін бақылап, қадағалауы керек. Мектептегі ата-аналар жиналысына да көбіне аналары ғана барады. Бұл жерде отбасы тарапынан балаға көбірек көңіл бөлінуі қажет», – деді ол.
Осылайша, жұмыс тобының отырысында жастарды синтетикалық есірткі тасымалы мен дропперлікке тартудың алдын алу, интернеттегі есірткі саудасына тосқауыл қою, білім беру ұйымдарының бақылауын күшейту және сотталған жастарды қоғамға қайта бейімдеу мәселелері талқыланды.