Қазір өңірде 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасын біріктіретін Жедел басқару орталығы жұмыс істейді
Цифрландыру туралы сөз болғанда, көбіне жаңа платформалар, бейнебақылау камералары мен жасанды интеллект жобалары аталады. Алайда технологияның көптігі өңірдің цифрлық тұрғыда дамығанын білдіре ме? Оның тұрғындардың күнделікті өміріне қандай пайдасы бар? Ұлытау облысында соңғы уақытта мемлекеттік қызмет көрсетуден бастап, мектеп қауіпсіздігі мен ауылдарды интернетпен қамтуға дейінгі бірнеше бағытта жоба қолға алынған. Бір жағынан, тұрғындар мемлекеттік қызметті кезексіз алуға мүмкіндік беретін цифрлық орталықтарға қол жеткізсе, екінші жағынан, жасанды интеллект мектептердегі жанжалдар мен буллинг белгілерін анықтауға пайдаланылмақ. Azattyq Rýhy тілшісі өңірдегі цифрландыру жұмыстарының нәтижесін зерделеп көрді.
Ұлытау облысында цифрландырудың тұрғындарға тікелей әсер ететін бағыттарының бірі – мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру. Биыл Жезқазған қаласында Қазақстандағы жаңа форматтағы алғашқы Smart Point цифрлық халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Кейін осындай орталық Сәтбаев қаласында да жұмысын бастады. Үшінші орталықты Жаңаарқа ауданында ашу жоспарланып отыр.
Бұл жобаның ерекшелігі – тұрғындар мемлекеттік қызметтерді маманның көмегінсіз, арнайы цифрлық құралдар арқылы өз бетінше ала алады. Яғни қарапайым анықтама алу немесе басқа да электронды қызметті пайдалану үшін ұзақ кезекте тұрудың қажеті жоқ.
Ұлытау облысының Цифрландыруды дамыту басқармасының бас маманы Жақсылық Кендірбектің айтуынша, Smart Point орталықтары мемлекеттік қызметтерді алу уақытын қысқартып, халықтың цифрлық сервистерді пайдалану мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
«2026 жылғы басты жетістіктердің бірі – Қазақстандағы жаңа форматтағы алғашқы Smart Point цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарының ашылуы. Қазіргі уақытта Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында екі орталық жұмыс істейді. Үшінші орталықты Жаңаарқа ауданында ашу жоспарланып отыр. Бұл жобаның негізгі мақсаты – тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді өз бетінше алуға мүмкіндік беру, қызмет көрсету уақытын қысқартып, кезектерді азайту», – дейді ол.
Өңірде цифрлық қызметтерді бір жерге шоғырландыру үшін iulytau.kz бірыңғай порталы да дамып жатыр. Онда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласынан бастап, жасыл желектер мен жерлеу орындарын есепке алу, сайлау учаскелерін анықтау сияқты 40-тан астам сервис біріктірілген.
Жақсылық Кендірбектің мәліметінше, өңірлік тізілімдегі 175 мемлекеттік қызметтің 146-сы цифрлық форматқа көшірілген. Бұл – жалпы қызметтердің 83,4 пайызы. Ал Smart City тұжырымдамасы аясында жұмыс істейтін 109 бірыңғай байланыс орталығы 2025 жылы тұрғындардан 51 004 өтініш қабылдап, өңдеген.
Бұл көрсеткіштер цифрлық қызметтердің өңірде біртіндеп кеңейіп келе жатқанын аңғартады. Дегенмен қызметтің онлайн форматқа көшірілуі оны барлық тұрғын бірдей пайдалана алады деген сөз емес. Әсіресе егде жастағы адамдар мен цифрлық сауаттылығы төмен азаматтар үшін электронды сервистерді өз бетінше қолдану әлі де қиын болуы мүмкін. Сондықтан Smart Point сияқты орталықтардың маңызы тек қызмет көрсетуімен шектелмей, тұрғындарға цифрлық құралдарды пайдалануды үйретумен де өлшенуі керек.
Ұлытау облысында жасанды интеллектіні қолданудың тағы бір бағыты – қоғамдық қауіпсіздік. Қазір өңірде 3,5 мыңнан астам бейнебақылау камерасын біріктіретін Жедел басқару орталығы жұмыс істейді. Зияткерлік жүйелер адамның бет-әлпетін, көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін тануға, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеуге және ықтимал қауіпті жағдайларды анықтауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, 11 әлеуметтік нысанда VisionGuardAI бейнеталдау жүйесі енгізілген. Ол адамдардың шамадан тыс шоғырлануын, төбелес пен басқа да қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтай алады.
Әсіресе мектептердегі қауіпсіздік мәселесі назар аудартады. Қазіргі уақытта облыстың екі мектебінде агрессивті мінез-құлықты, жанжалдарды, буллинг белгілерін және адамдардың шамадан тыс жиналуын анықтайтын зияткерлік бейнебақылау жүйесі орнатылған. Биыл тағы төрт мектепті қосу жоспарланып отыр. Ал 2027 жылы облыстың 85 мектебінде зияткерлік бейнеталдауды енгізу көзделген.
Жақсылық Кендірбектің айтуынша, мұндай технологиялардың басты міндеті – қауіпті жағдайды болғаннан кейін тіркеу емес, оны ертерек байқап, жауапты мамандардың дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік жасау.
«Бейнеталдау жүйелері қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандардағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Жасанды интеллект төбелес, адамдардың шамадан тыс шоғырлануы және басқа да ықтимал қауіпті жағдайларды автоматты түрде анықтай алады. Бұл жауапты қызметкерлерге оқиғаға жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта мұндай технологияларды білім беру ұйымдарында қолдану аясын кеңейту жоспарланып отыр», – дейді басқарма өкілі.
Алайда мектептегі буллингті тек бейнекамера арқылы анықтау мүмкін емес. Өйткені қысым көрсету мен кемсіту әрекеттерінің барлығы бірдей камера алдында бола бермейді. Кей жағдайда психологиялық зорлық-зомбылық сөзбен, әлеуметтік желіде немесе мұғалімдер мен ересектер байқамайтын ортада жасалады. Сондықтан жасанды интеллект мектептегі қауіпсіздікті бақылаудың қосымша құралы болғанымен, педагогтер мен психологтердің жұмысын алмастыра алмайды.
Осы тұста цифрлық қауіпсіздіктің тағы бір қыры – азаматтардың жеке деректерін қорғау мәселесі туындайды. Бейнебақылау жүйелері адамның бет-әлпетін танып, түрлі ақпаратты өңдей алатындықтан, мұндай деректердің қалай сақталатыны және кімдердің қол жеткізе алатыны да маңызды.
Мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, мобильді банкинг пен электронды төлемдерді пайдалану күнделікті өмірдің қалыпты бөлігіне айналды. Бірақ цифрлық мүмкіндіктер артқан сайын интернет-алаяқтықтың да жаңа тәсілдері пайда болып жатыр. Қылмыскерлер азаматтардың жеке деректерін иемдену, жалған қоңырау шалу, банк қызметкері немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде танысу арқылы ақша жымқыруға тырысады.
Ұлытау облысы полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Меруерт Рақымжанова киберқауіпсіздікті цифрлық дамудың ажырамас бөлігі ретінде қарастыру қажет екенін айтады.
«Цифрлық технологиялар азаматтардың күнделікті өміріне кеңінен еніп жатыр. Алайда интернет мүмкіндіктерін қылмыстық мақсатта пайдаланатын адамдар да бар. Сондықтан тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, жеке деректерді қорғау және күмәнді сілтемелер мен хабарламаларға сенбеу өте маңызды. Киберқылмыстың алдын алу тек құқық қорғау органдарының жұмысы емес, әр азаматтың ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауына да байланысты», – дейді Меруерт Рақымжанова.
Мәселенің өзектілігі де осында. Өңірде цифрлық қызметтер көбейіп, жасанды интеллект күнделікті процестерге араласа бастағанымен, тұрғындардың интернеттегі қауіп-қатерлерден қорғану дағдысы қатар дамуы керек. Әсіресе жалған бейне мен дауыс жасауға мүмкіндік беретін технологиялардың таралуы алаяқтықтың жаңа түрлеріне жол ашуы мүмкін.
Сондықтан цифрлық сауаттылықты тек компьютерді немесе смартфонды қолдана білу деп түсінуге болмайды. Азамат күмәнді қоңырауды ажыратып, жеке деректерін қорғай алуы, жалған ақпарат пен шынайы хабарламаның айырмасын білуі қажет.
Цифрлық қызметтердің дамуы интернет сапасына тікелей байланысты. Қалада жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі болғанымен, шалғайдағы ауылдарда байланыс сапасы әлі де маңызды мәселе болып отыр.
Ұлытау облысында осы алшақтықты азайту үшін «Қолжетімді интернет» ұлттық жоспары аясында бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 15 антенналық-діңгектік құрылыс салу жоспарланған. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
Бұдан бөлек, талшықты-оптикалық байланыс желісі жоқ 35 ауылға интернет жеткізу, тағы 14 елді мекенде қолданыстағы желілерді мемлекеттік мекемелерден тұрғын үйлерге дейін кеңейту жоспарланып отыр.
2026 жылы инвестор қаражаты есебінен Егінді кентінде антенналық-діңгектік құрылыс салынған. Tele2/Altel операторларының базалық станцияларын орнату жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
Шалғайдағы ауылдарға интернет жеткізудің тағы бір жолы – спутниктік байланыс. OneWeb компаниясымен бірлесіп, төрт елді мекен спутниктік интернетке қосылған. Ал Jusan Mobile компаниясымен тағы бес ауылды қосу мәселесі пысықталып жатыр.
Бұл жобалардың маңызы тек тұрғындардың әлеуметтік желіге кіруімен шектелмейді. Сапалы интернет ауылдағы оқушыға қашықтан білім алуға, кәсіпкерге онлайн сауда жүргізуге, ал тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай пайдалануға мүмкіндік береді. Сондықтан интернеттің қолжетімділігімен қатар, оның жылдамдығы мен тұрақтылығы да басты назарда болуы керек.
Ұлытау облысында цифрландыруды тек мемлекеттік қызмет пен қоғамдық қауіпсіздікке енгізумен шектемей, өнеркәсіп саласына да бейімдеу көзделген. Бұл заңды да. Өйткені өңір экономикасында тау-кен өндірісі мен металлургияның орны ерекше.
Осы бағытта «Қазақмыс» геологиялық кластерін құру және Ұлытау университетін дамыту жұмыстары қолға алынған. Astana Hub резиденті қазақстандық ME Group IT-компаниясы университет үшін сегіз арнайы VR-тренажер әзірлеген.
Олар геология, тау-кен ісі, бұрғылау, геомеханика, аэрология, пайдалы қазбаларды байыту, жарылыс жұмыстары және өнеркәсіптік қауіпсіздік бағыттарын қамтиды. Виртуалды шындық технологиялары студенттерге өндірістік процестерді қауіпсіз ортада модельдеп, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Мұндай тәсілдің артықшылығы – студенттер қауіпті өндірістік жағдайларды нақты ортаға бармай-ақ виртуалды кеңістікте меңгере алады. Бұл теориялық білім мен өндірістік тәжірибенің арасын жақындатуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Ulytau Hub базасында Scout AI, DocGuard AI, Talapker AI және WorkClock жобалары дамытылып жатыр. Олар құжат айналымын автоматтандыруға, білім беру процесін жетілдіруге және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған.
Алдағы жылдары Ұлытау облысында жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды оқытуға арналған Tomorrow School мектебін ашу жоспарланып отыр. Бұл бастама өңір жастарының IT саласына қызығушылығын арттырып, болашақ мамандарды даярлауға бағытталған.
Жалпы, Ұлытау облысындағы цифрландыру жұмыстары бірнеше бағытты қамтиды: мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті бақылау, ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету, өндірістік процестерге жаңа технология енгізу және IT мамандарын даярлау.
Дегенмен қолға алынған жобалардың тиімділігін тек ашылған орталықтар, орнатылған камералар немесе интернетке қосылған ауылдардың санымен бағалау жеткіліксіз. Ең бастысы – тұрғындардың мемлекеттік қызметті қаншалықты оңай алатыны, ауылдағы интернеттің сапасы, мектептердегі қауіпсіздік деңгейі және азаматтардың жеке деректерінің қорғалуы.
Өйткені цифрландырудың шынайы нәтижесі технологияның өзінде емес, оның адам өмірін қаншалықты жеңілдетіп, қауіпсіз ете алғанында.