Үлкен Нарында заманауи өнер орталығы жұмысын бастады
Үлкен Нарындағы жаңарған мәдениет үйі ауыл балалары мен жастарының өнерге қанат қағып, шығармашылық қабілетін шыңдайтын жаңа орталыққа айналмақ. Енді мұнда домбыра тартып, ән айтып, би билеумен қатар, музыка жазуға, бейнемонтаж жасауға, театр өнерін меңгеруге де мүмкіндік бар. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен заманауи жабдықтармен қамтылған мәдениет ошағы ауыл өміріне жаңа серпін беріп, өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға жол ашпақ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсіміне жиналған қонақтар алдымен ғимараттың екінші қабатындағы коворкинг орталығы мен шығармашылық кабинеттерді аралап көрді. Ал мерекелік шараның көркін көрермендер залында ұйымдастырылған концерт аша түсті. Жаңартылған залға заманауи дыбыс аппаратурасы орнатылып, сахна жаңа шымылдықпен жабдықталған.
«Бүгін Үлкен Нарын жұрты үшін қуанышты күн. Жаңарған мәдениет үйін аралап, жас жеткіншектердің өнер үйренуіне жасалған жағдайды көріп, қуанып отырмыз. Бұл – «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының ауыл мәдениетіне көрсеткен қолдауының бір көрінісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған осы жобаны жүзеге асыруға үлес қосқан қор ұжымына және игі іске ұйытқы болған барша азаматқа Үлкен Нарын жұрты мен Шығыс Қазақстан халқының атынан алғыс айтамын. Ауылдың көркеюіне өнерге деген құрмет те ықпал етеді. Осы мәдениет үйінде өнер үйренген балалар ертең үлкен додаларда ауданымыздың, облысымыздың, еліміздің намысын абыроймен қорғайды деп сенемін. Жас жеткіншектерімізге ақ жол тілеймін!» – деді ШҚО әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев.
Салтанатты шараға өңірге жұмыс сапарымен келген «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева да қатысты. Ол ауыл мәдениетін дамытуға бағытталған жобаның маңызына тоқталып, биыл еліміздің барлық өңірінде аудандық және ауылдық мәдениет үйлерін жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
«Үлкен Нарынға алғаш рет келіп отырмын. Ауылға барған сайын елдің амандығын сұрап, жұрттың тұрмысын білуге тырысамыз. Бүгін жаңарған мәдениет үйін көріп, сіздермен бірге қуанып отырмын. Биыл 17 облыстың әрқайсысында бір аудандық және бір ауылдық мәдениет үйін жаңғыртуды қолға алдық. Жыл соңына дейін барлығы 34 нысанды жаңарту көзделіп отыр. Әр өңірге барып, атқарылған жұмысты өз көзімізбен көріп, тұрғындардың пікірін тыңдап жүрміз. Кей ауылда әжелеріміздің «Жаңа Қазақстан бізге де келді» деген сөзін естідік. Мұндай сөзге қалай қуанбайсың? Меніңше, бұл – үлкен істің бастамасы. Президентіміз айтқандай, заманауи мүмкіндіктер қалада да, ауылда да бірдей қолжетімді болуы керек», – деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева.
Қордың Шығыс Қазақстандағы жұмысы тек мәдениет саласымен шектелмейді. 2022 жылы құрылғаннан бері қоғамдық қор өңірде жалпы құны шамамен 11 млрд теңге болатын жобаларды жүзеге асырған. Биылдың өзінде 5 млрд 388 млн теңгенің бастамалары қолға алынған. Олардың қатарында ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жоба да бар.
Облыс әкімдігі және білім басқармасымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан бастама аясында шағын жинақты және толық жинақты мектептерге Білім-инновация лицейлерінің оқыту әдістемесі енгізілуде. Лицей мамандары ауыл мұғалімдеріне әдістемелік қолдау көрсетіп, оқыту тәсілдерін үйретсе, қор білім беру ұйымдарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді.
Жобаға Үлкен Нарын ауданының төрт мектебі қатысып отыр. Оларға жалпы құны 101 млн теңгенің жабдығы жеткізілген. Оның ішінде физика, химия және биология пәндерінде тәжірибе жасауға арналған құрылғылар бар. Қазір мұғалімдер мен оқушылар жаңа жабдықтарды сабақ барысында тиімді пайдалануды меңгеріп жатыр. Мұндай мүмкіндіктер тіпті ірі қалалардағы мектептердің бәрінде бірдей бола бермейді. Басты мақсат – ауыл балаларына теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, зерттеуге, ізденуге және инженерлік ойлау қабілетін дамытуға жағдай жасау.
Қоғамдық қор денсаулық сақтау саласындағы маңызды жобаларды да жүзеге асырып келеді. Соның бірі – Өскемендегі онкологиялық орталыққа сәулелік ем жүргізуге арналған заманауи жабдық орнату. Бұл медициналық құрылғының құны 2 млрд 400 млн теңгені құрайды.
Үлкен Нарын ауданының әкімі Елдос Байрахметов те құттықтау сөзінде жаңарған мәдениет үйінің ауыл өміріндегі орнына тоқталды. Оның айтуынша, бұл орталық балалар мен жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға, ұлттық өнерді ұлықтап, мәдени құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсімде қордың басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева мен ауыл ақсақалы Көксеген Кемпірбаев мәдениет үйінің ашылу лентасын қиып, жаңадан жабдықталған үйірме кабинеттерін аралап көрді.
Мәдениет үйі «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен «QH Мәдени даму алаңы» жобасы аясында қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған. Бұл мақсатқа қор тарапынан 155 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның шамамен 112 млн теңгесі ғимараттың ішкі бөлігін, тағы 42 млн теңгесі сыртқы аумағын жабдықтауға бағытталған.
Жалпы, мәдениет үйінде шығармашылықтың сан алуан бағытын қамтитын он арнайы бөлме жасақталған. Вокал, домбыра және халық аспаптары студияларында балалар ән айтып, ұлттық аспаптарда ойнауды үйренеді. Қазақ фольклорлық ансамбліне жеке кабинет қарастырылған. Ал дыбыс жазу студиясында музыкалық шығармаларды жазып, өңдеуге мүмкіндік бар.
Хореография залында ұлттық және заманауи билерді меңгеруге жағдай жасалса, театр студиясында актерлік шеберлік пен көркемсөз оқу өнерін дамытуға болады. Бұдан бөлек, медиастудия фото және бейнетүсірілім жасауға, бейнемонтаж жұмыстарын жүргізуге арналған. Арт-студияда сурет салу мен қолөнерге машықтануға болады. Ал косплей студиясы кейіпкерлердің бейнесін сомдап, сахналық костюмдер әзірлеуге қызығатын балаларға арналған. Кішкентай бүлдіршіндер үшін ойын бөлмесі де жабдықталған.
Жаңарған мәдениет үйінің ашылуы аудан тұрғындары үшін де ерекше қуаныш болды. Өйткені енді ауыл балалары мен жастары шығармашылықпен айналысу үшін аудан орталығынан алысқа бармай-ақ, өздері қызығатын өнерді осында меңгере алады.
«Бүгін ауданымыз үшін қуанышты күн. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен мәдениет үйі жаңарып, мұнда театр үйірмесі мен жастар орталығы ашылып жатыр. Жастарымыз енді бос уақытын осында өткізіп, өздері қызығатын өнермен айналыса алады. Қорға алғысымызды білдіреміз. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын!» – дейді аудан тұрғыны Амангелді Исабеков.
«Енді ауыл жастары өздері қызығатын өнерді үйреніп, ұлттық мәдениетімізді тереңірек тани алады. Ауылымызға осындай қолдау көрсетіліп жатқанына ризамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысымызды білдіреміз. Осы мәдениет үйінде өнер үйренген жастар ертең еліміздің өркендеуіне үлес қоссын!» – деді ауыл тұрғыны Жаңыл Құсайынова.
Мәдениет үйінің жаңарған ғимаратымен қатар, оның аумағы да абаттандырылып, тұрғындардың бас қосып, мәдени іс-шаралар өткізуіне қолайлы орта қалыптастырылған. Мұнда ашық аспан астында концерттер мен мерекелік шаралар ұйымдастыруға арналған тұрақты сахна орнатылды. Аулаға киіз үй тігіліп, алтыбақан қойылған. Аумақты абаттандыру жұмыстарына облыстық және аудандық бюджеттерден 50 млн теңге жұмсалған.
Мерекелік ашылу салтанатында жаңа сахнада аудандық шығармашылық үйінің бишілері өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал киіз үйде жергілікті шеберлердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды.
Жаңарған мәдениет үйіндегі мүмкіндіктерді балалар да қуана қабылдаған. Бірінші сыныптан бері би үйірмесіне қатысып жүрген 6-сынып оқушысы Амина Раджанқызы жаңа кабинеттердің ашылуы өзіне ерекше ұнағанын айтады.
«Мен бірінші сыныптан бері би үйірмесіне қатысамын. Үйірмеде қазақтың ұлттық билері мен заманауи билерді үйренеміз. Аудандық, облыстық және республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Қазір мәдениет үйінде жаңа кабинеттер ашылып жатыр. Мұнда би үйренумен қатар домбыра тартуға, сурет салуға, ән айтуға болады. Осындай мүмкіндік берген мәдениет үйінің ұжымына шын жүректен алғыс айтамын», – дейді 6-сынып оқушысы Амина Раджанқызы.
Оқушылардың сабақтан кейін уақытын тиімді өткізуіне жаңадан ашылған коворкинг орталығы да ықпал етпек. Мұнда балалар достарымен кездесіп, кітап оқып, сабақ дайындап, түрлі ойындар ойнай алады. Сондай-ақ, шығармашылық және спорт үйірмелеріне қатысуға мүмкіндік бар.
«Бүгін коворкинг орталығы ашылды. Енді сабақтан кейін достарымызбен осында келіп, ойын ойнап, демалып, сабақ оқи аламыз. Домбыра, би, театр үйірмелері де ашылды. Спорт үйірмелеріне де қатысуға болады. Ауданымызда осындай орталық ашылғанына қуаныштымыз. Мұнда балалар бос уақытын пайдалы өткізіп, өздері қызығатын іспен айналыса алады», – дейді 8-сынып оқушысы Қуаныш Әскенбаев.
Айта кетейік, аудандық мәдениет үйінің ғимараты бұған дейін, 2022 жылы жергілікті бюджет есебінен күрделі жөндеуден өткен болатын. Сол кезде жөндеу жұмыстарына 25 млн теңге жұмсалған. Ал «QH Мәдени даму алаңы» жобасының негізгі мақсаты – ғимаратты шығармашылық сабақтар мен мәдени іс-шараларды өткізуге қажетті заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету.
Шығыс Қазақстан облысында аталған жобаға Үлкен Нарын аудандық мәдениет үйімен қатар, Зайсан ауданына қарасты Сарытерек ауылының мәдениет үйі де енгізілген.
Айта кетейік, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған. Қордың негізгі мақсаты – денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт және әлеуметтік қолдау салаларындағы маңызды жобаларды қаржыландыру. Оның қаражаты «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының аударымдары, отандық компаниялар мен кәсіпкерлердің қайырымдылық жарналары, сондай-ақ жеке тұлғалар мен меценаттардың ерікті қайырымдылық көмегі есебінен қалыптасады. Осылайша, қор ірі бизнес пен қоғамның қолдауын біріктіріп, ел тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырады.