Сүйінші: Жетісуда 31 жастағы ана төрт ұлды дүниеге әкелді

Автор: Алмас Ерсін

Жүктіліктің 23-аптасынан бастап дәрігерлер бақылауында болған әйел төрт ұлын кесарь тілігі арқылы босанды 

Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Жетісу облысының 31 жастағы тұрғыны бір мезетте төрт ұл баланы дүниеге әкелді. Осылайша, бақытты отбасы жеті баланың ата-анасы атанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Төрт сәби 24 қыркүйекте Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Нәрестелер жүктіліктің 30 аптасы 6 күнінде туған. Оларға Арлан, Арсылан, Әлихан және Әмірхан есімдері берілген.

Сәбилердің анасы төрт нәрестені бірден күтіп жүргенін білгенде ерекше сезімде болғанын айтады. Қуанышпен қатар қобалжу да болған. Дегенмен бәрі жақсы болатынына сенген.

«Үлкен балаларымды қатты сағындым. Олар осы уақыт бойы бізді күтіп жүрді. Енді ең алдымен соларды құшақтап, інілерімен алғаш танысқан сәтін көргім келеді. Ғылыми орталықтың дәрігерлері мен барша медицина қызметкеріне қамқорлығы, қолдауы және ұлдарым үшін шексіз алғыс айтамын», – дейді көпбалалы ана.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, төрт нәрестелі жүктілік өте сирек кездеседі әрі дәрігерлер үшін күрделі жағдай саналады. Болашақ ана жүктіліктің 23-аптасынан бастап орталық мамандарының бақылауында болған.

Мерзімінен бұрын босану қаупі жоғары болғандықтан, дәрігерлер ана мен сәбилердің жағдайын тұрақты бақылап, ықтимал асқынулардың алдын алу шараларын жүргізген. Қажетті медициналық көмек те уақтылы көрсетілген.

Мұндай жүктілікті жүргізу үшін акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар және неонатологтар бірлесе жұмыс істеген.

Министрлік өкілдері ана мен отбасын төрт ұлдың дүниеге келуімен құттықтап, сәбилерге зор денсаулық пен бақытты болашақ тіледі.