«Үйімді жалға беремін» деп елді алдап жүрген: Астанада әйел адам 7 жылға сотталып кетті

Автор: Асыл Арман

Ол елді алдап, бірнеше млн теңгені қалтасына басқан

Фото: istockphoto.com

Астанада «үйімді жалға беремін» деп тұрғындарды алдап, ақшасын жинап алған 37 жастағы әйел ақыры сотталып тынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның осы қылмысты осыған дейін де жасағаны белгілі болды. Ол Қазақстанның түрлі қалаларында «пәтер жалға беремін» деп жарнама жариялаған. Өзін үй иесі ретінде көрсетіп, клиенттерін депозит пен алдын ала төлем жасауға көндірген. Ал түскен ақшаны өзіне қажет заттарға жұмсаған.

Аз ғана уақыт ішінде ол 13 адамды алдап, 2,1 млн теңгені қалтасына басқан.

«Сот үкімімен ол екі немесе одан да көп адамға қатысты бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жазасы 3 жылға шегерілді.Жәбірленушілердің келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талаптары толық көлемде қанағаттандырылды», – делінген прокуратураның хабарламасында.

Прокуратура азаматтарды тұрғын үйді жалға алу кезінде сақ болуға шақырады.