Астанаға апатты күйде қонған: SCAT ұшағында не болғаны анықталды

Автор: Асыл Арман

SCAT әуе компаниясы түсініктеме берді

Фото: istockphoto.com

Мәскеуден Алматыға ұшып бара жатып, Астанаға апатты күйде қонған SCAT ұшағында не болғаны анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әуе компанияның баспасөз қызметі агенттік тілшісіне ұшақтың не себепті апатты жағдайда қонғанын түсіндіріп берді.

«Мәскеу – Алматы бағыты бойынша рейсте ұшақтың борттық жүйесінде ескерту индикаторы іске қосылған. Осыған байланысты экипаж Астана қаласындағы әуежайға қону туралы шешім қабылдады. Ұшақ штаттық режимде қонды. Жолаушыларды Алматыға жеткізу үшін әуе компаниясы қосалқы ұшақты қамтамасыз етті. Ол келгенге дейін жолаушыларға салқын сусындар ұсынылды. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігі – SCAT әуе компаниясының басты басымдығы», – деп жауап берді SCAT агенттік тілшісіне.

Айта кетейік, осыған дейін Мәскеуден Алматыға ұшып бара жатқан SCAT ұшағы Астанаға апатты жағдайда қонғаны хабарланған.