Тоқаев Камбоджа халқын құттықтап, премьер-министріне жеделхат жолдады

Автор: Асыл Арман

Мемлекет басшысы Камбоджа премьер-министрін құттықтады

Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Камбоджа премьер-министрі Хун Манетке Камбоджа Корольдігінің Ұлттық күніне орай құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, Қазақстан президенті айтулы мереке Камбоджа халқының бай тарихи-мәдени мұрасын, ұлттық бірлігі мен ынтымағын ұлықтайтынын атап өткен. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық дәйекті түрде дамып келе жатқанына тоқталған.

«Жуырда Қазақстанға жасаған сапарыңыздың нәтижесін нақты іске асыруға ден қойып отырмыз. Қол жеткізілген уағдаластықтар елдеріміз арасындағы достық байланыстарды одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп сенемін», – делінген жеделхатта.

Қасым-Жомарт Тоқаев Хун Манеттің жауапты мемлекеттік қызметіне мол табыс, ал Камбоджа халқына құт-береке тіледі.

Айта кетейік, өткен айда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Камбоджа премьер-министрі Хун Манет Астанада екіжақты жоғары деңгейдегі келіссөздер өткізген.