Қазақстан OpenAI компаниясымен бірлесіп, 12 мың сағат аудиожазба жинақтаған

Автор: Асыл Арман

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлын қабылдады

Фото: Ақорда

«Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Рауан Кенжеханұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа соңғы үш жылда әлемге әйгілі студиялардың 13 танымал фильмі қазақ тілінде дыбысталғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақорданың мәліметінше, Рауан Кенжеханұлы президентке «Қазақ тілі» қоғамы қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақша мазмұнды байыту және жаңа технологиялар саласында тілдің қолданыс аясын кеңейту секілді үш негізгі бағыт бойынша жобаларды жүзеге асырып жатқаны жөнінде баяндады.

Бұдан бөлек, Рауан Кенжеханұлы OpenAI компаниясымен бірлескен жоба аясында көлемі 14 миллиард токен болатын мәтін корпусы қалыптасқанын және 12 мың сағат аудиожазба жинақталғанын қозғап өтті. Оның айтуынша, соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 танымал фильмі қазақ тілінде дыбысталып, үлкен экранға шықты.

Сол сияқты Қасым-Жомарт Тоқаевқа Qazaq Tili Endowment қорының жұмысы туралы мәлімет берілді. Қазірге кезде қорға түскен жарна көлемі 824 миллион теңгеге жеткен.

«Мемлекет басшысы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қызметіне жоғары баға беріп, алдағы жоспарлары табысты болуына тілектестік білдірді. Президент мемлекеттік тілді үйрету, сондай-ақ ғылыми шығармаларды аудару ісінде жасанды интеллектінің әлеуетін барынша пайдалану маңызды екенін атап өтті», – делінген Ақорданың хабарламасында.