2027 жылы бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорт секілді танымал спорт түрлерінен әлем чемпионаты өтеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстанда бірқатар спорт түрінен әлем чемпионаты өтетінін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінде спорт мемлекеттің жаһандағы абыройы мен беделінің көрсеткіштерінің біріне, қоғамдық дипломатияның құралына айналды
«Біз спорттың осы әлеуетін толығымен пайдалануымыз қажет. Қазақстан спорт державасы ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып, елімізде ең жоғары деңгейдегі жарыстарды ұйымдастырып келеді. 2027 жылы бокс, дзюдо, таэквондо, үстел теннисі және киберспорт секілді танымал спорт түрлерінен әлем чемпионатын өткіземіз. Яғни елордада жоғары деңгейде бірқатар дода ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, Қазақстанда жасөспірімдер арасында шорт-тректен әлем біріншілігі ұйымдастырылады», – дейді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев көктемде Астанада УЕФА-ның 51-ші Конгресі өтетінін тілге тиек етіп өтті.
«Бұл бүкіл әлемдегі кәсіпқой футболшылар мен футболсүйер қауымның қызығушылығын тудырады. Атап өткен жөн, мұндай ауқымды, жұртшылық назарындағы спорттық іс-шараларды ұйымдастыру салалық министрлік пен федерацияның, жалпы Үкімет пен Ұлттық олимпиада комитетінің бірлесе аянбай жұмыс істеуін талап ететіні түсінікті. Өйткені мұнда Қазақстанның абырой-беделі сынға түседі. Бұл жарыстардың бәрі еліміздің имиджін арттыруға, сондай-ақ әлеуметтік инфрақұрылымды, туризмді, отандық спорт мектебін дамытуға қызмет етеді. Биыл елордамызда Дүниежүзілік допингке қарсы күрес агенттігінің Конгресі (WADA – World Anti-Doping Agency) өтеді. Қазақстан таза, допингсіз спортты ілгерілету, озық халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді енгізу үшін күш салуға әзір. Спорттағы адал бәсекелестік қағидаттары мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының негізіне айналған әділеттілік идеясына толығымен сай келеді, – деді мемлекет басшысы.