Биыл Қазақстанның жоғары оқу орындарында кемінде алты студент көз жұмған

Автор: Махан Миражан

Бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жарияланған деректерге назар салсақ, биыл елде кемінде 6 студенттің қазасы тіркелген

Фото: magnific.com

2026 жылдың басынан бері еліміздің бірқатар өңіріндегі жоғары оқу орындарында студенттердің өлім дерегі тіркелген. Бірі жатқаханада қаза тапса, енді бірі жол апатынан көз жұмған. Ал кейбір оқиғалардың мән-жайы әлі де тергеліп жатыр.  Azattyq Rýhy тілшісі биыл студенттер арасындағы өлім-жітімді санады. 

Бұқаралық ақпарат құралдарында ашық жарияланған деректерге назар салсақ, биыл елде кемінде 6 студенттің қазасы тіркелген.

Мамыр айында Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде де қайғылы жағдай болды. 6 мамыр күні университеттің бірінші курс студенті оқу ғимаратының сегізінші қабатынан құлап, көз жұмды. Ол «Философия» білім беру бағдарламасы бойынша мемлекеттік грантпен оқыған. Оқу орнының мәліметінше, студенттің үлгерімі жақсы болған және ол университеттің психологиялық қолдау қызметіне жүгінбеген. Полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесіне байланысты істің нақты қорытынды деректері мен толық жауаптыра жария етілмеді.  

Ал 6 қараша күні Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші курс студенті қайтыс болды. Қайғылы жағдай университеттің студенттер қалашығында болған. Алматы қалалық полиция департаменті өлім фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Марқұмның неден көз жұмғаны туралы ресми ақпарат әзірге жарияланған жоқ. 

Қазақстанда қаза тапқан шетелдік студенттер

17 наурызда Үндістаннан келген 21 жастағы Қарағанды медицина университетінің студенті өзі тұрып жатқан жатақхананың бесінші қабатындағы терезеден құлап кеткен. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, қажетті сараптамалар жасалған. Мамыр айында полиция қылмыстық істің заңда белгіленген тәртіппен тоқтағанын хабарлаған еді.

Жыл басындағы алғашқы қайғылы жағдайлардың бірі қаңтар айында болды. 6 қаңтарда Алматы – Бішкек тасжолында Үндістан азаматтары мінген Toyota Alphard көлігі апатқа ұшырады. Көлікте Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының төрт студенті және бір турист болған. Алғашында екі студент қаза тапты, кейін тағы бір студент ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Осылайша, жол апатынан бір оқу орнының үш студенті қаза тапты.

Осылайша, ашық деректер бойынша биыл Қазақстанның жоғары оқу орындарында кемінде алты студенттің өлімі тіркелген. Оның үшеуі – қаңтардағы жол апатының, біреуі - Қарағандыдағы оқиғаның, тағы біреуі - Алматыдағы ҚазҰПУ-да болған жағдайдың құрбаны. Соңғы оқиға ҚазҰУ-да қараша айында тіркелді.