Алдағы бес күнде мегаполистердегі ауа райы қандай болады

Автор: Дәулет Ботагөз

Алматы, Астана және Шымкент қалаларында алдағы күндері ауа райы күрт өзгереді

Фото: © istockphoto.com

Алматы, Астана және Шымкент қалаларында алдағы бес күнде ауа райы күрт өзгереді. Аномальды жылы күндердің орнын жаңбыр мен қар басып, кейбір өңірлерде түнде ауа температурасы -4°C-қа дейін төмендейді. Әсіресе Алматы қаласында ауа температурасы +22°C-тан +3...+5°C-қа дейін күрт төмендейді деп күтілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап. 

Елордада 9 қарашадан бастап ауа райы біртіндеп суытып, қыс мезгілінің алғашқы белгілері байқалады. Жексенбі күні жаңбыр жауса, дүйсенбіде қар жауып, түнде ауа температурасы -1…-3°C-қа дейін төмендейді. 11–12 қарашада қар аралас жауын-шашын түсіп, кей жерлерде бұрқасын мен көктайғақ болады. Түнгі температура -2…-4°C шамасында сақталады. Ал 13 қарашада жауын-шашын тоқтап, күн ашылады. Күндіз ауа температурасы +1…+3°C болады.

Алматыда 9–10 қараша күндері ауа температурасы +20…+22°C-қа дейін көтеріліп, жылы ауа райы сақталады. Алайда 11 қарашада нөсер жаңбыр жауып, 12 қарашада күн күрт суытады. Бұл күні ауа температурасы +3…+5°C шамасында болады. 13 қарашаға қараған түні -1…-3°C аяз күтіледі.

Шымкентте де 9–10 қарашада жаңбыр жауады. 11 қарашада ауа температурасы +4…+6°C-қа дейін төмендейді. 12 қарашаға қараған түні -1…-3°C аяз болса, күндіз +5…+7°C жылы болады.