Ақтөбеде 13 миллион теңгеге есірткі сатпақ болған азамат ұсталды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жалпы салмағы 100 келі болатын қарасора өнімі тәркіленіп, жойылды

Фото: © istockphoto.com

Ақтөбе қаласында ауқымды есірткі партиясын сатпақ болған Жамбыл облысы Шу қаласының тұрғыны ұсталды. 43 жастағы күдікті 100 килограмм марихуананы 13 миллион теңгеге сатпақ болған. Алайда оның бұл әрекеті сәтсіз аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Диапазон»-ға сілтеме жасап.

Тергеу мәліметінше, қылмыстың жолын кесу үшін арнайы операция ұйымдастырылып, сатып алушының рөлін ҰҚК қызметкері атқарған. Келісім бойынша, бір келі марихуана 130 мың теңгеге бағаланып, жалпы сомасы 13 миллион теңгені құраған. Күдікті есірткіні көрсетіп жатқан сәтінде ұсталды.

Сотта айыпталушы есірткіні кездейсоқ тауып алғанын айтып, кінәсін жеңілдетуге тырысқан. Оның сөзінше, «Ақтөбе–Атырау» тасжолы бойында тоқтаған кезде жол жиегінен қаптарды байқап, олардың ішінде марихуана барын түсінген. Кейін қарыздарын жабу мақсатында есірткіні Ақтөбеге жеткізіп, көлік жөндеу орталығына жасырғанын мәлімдеді.

Алайда жиналған дәлелдер мен жедел-іздестіру шаралары оның әрекетінің алдын ала жоспарланғанын көрсетті. Сот айыпталушыны есірткі заттарын заңсыз сақтау және сату бойынша кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Жалпы салмағы 100 келі болатын қарасора өнімі тәркіленіп, жойылды.