Ақтауда нөсер жаңбырдан кейін көшелерден 10 мың текше метр су шығарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Жұмыстарға 20-ға жуық арнайы техника мен тәулік бойы қызмет атқарған 50-ге жуық коммуналдық жұмысшы жұмылдырылды

Фото: қала әкімдігі

Ақтау қаласында толассыз жауған жауын салдарынан көшелер мен жолдарға жиналған суды сору жұмыстары жүргізілді. Қала әкімі Мақсат Мұқаштың тапсырмасына сәйкес, коммуналдық қызмет мамандары мен арнайы техникалар оқиға орындарына шұғыл жұмылдырылып, көлік қозғалысына кедергі келтірген суды тазалады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қаладағы су басқан аумақтарда тазарту жұмыстары бірнеше бағытта жүргізілді. Атап айтқанда, 17 және 18А шағынаудандардың қиылысында, «Хазар базары» маңында, сондай-ақ 29 және 29А, 13 және 15, 11 және 14 шағынаудандар аралығында жаңбыр суы сорылды.

Жұмыстарға 20-ға жуық арнайы техника мен тәулік бойы қызмет атқарған 50-ге жуық коммуналдық жұмысшы жұмылдырылды. Күндізгі және түнгі ауысымдардың нәтижесінде қала аумағынан шамамен 10 мың текше метр жаңбыр суы шығарылды. Қазіргі уақытта жағдай жауапты мамандардың бақылауында, жолдарды толықтай ретке келтіру жұмыстары жалғасып жатыр.