1963 жылы туған жергілікті тұрғын үйінен мал қарауға атпен шығып кетіп, қайта оралмаған
Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты Шілікті ауылының «Қос өткел» учаскесінде жедел іздестіру жұмыстары жүргізілді. 1963 жылы туған жергілікті тұрғын үйінен мал қарауға атпен шығып кетіп, қайта оралмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Іздеуге Төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдерінен құралған арнайы топ жұмылдырылды. Мәліметтерге сәйкес, азамат өңірді басқан қалың тұманның кесірінен бағытынан адасып, кері қайтар жолды таба алмай қалған.
Бүгін таңертең құтқарушылар мен жауапты органдардың өкілдері жоғалған ер адамды «Қос өткел» учаскесінен 20 шақырым қашықтықта аман-есен тапты. Оның денсаулығына зақым келмеген, медициналық көмекке мұқтаж емес.
Оқиғаға байланысты Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен өңір қонақтарын сақтық шараларын сақтауға шақырды.