Олар осы қылмысы үшін бірнеше жылға сотталды
Қызылорда облысында екі адам есірткі мен криптовалютаны ақшаға айналдырып, миллиондаған ақша таппақ болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Олардың ісін тергеу кезінде тиісті рұқсатсыз, «Астана» халықаралық қаржы орталығының сауда алаңдарынан тыс жерде Binance платформасының P2P қызметі арқылы криптовалютаны заңсыз сатып жүргені анықталды. Осылайша 1 млрд теңгеден астам ақшаға цифрлық активтер сатып үлгерген. Ал криптовалютаны заңсыз айырбастаудан түскен табыстары 178 млн теңгеге жеткен.
Сотталғандардың бірі криптовалютадан бөлек, есірткі саудасынан түскен ақшаны заңдастырып жүрген. Арам ойын іске асыру үшін әдеттегідей дропперлердің банк шоттарын қолданған. Осы шоттар арқылы 600 млн теңгеден астам ақшаны үптеп үлгерген.
Ал түскен ақшаны криптовалютаға айналдырып, есірткі сатып жүргендердің криптоәмияндарына жіберіп отырған. Тергеу кезінде аударымдардың жалпы көлемі 277 мың USDT-ге жеткені анықталды.
«Олар осы жолда тапқан ақшасына жүк көліктері мен тіркемелерін сатып алып, туыстарының атына жазып қойған. Ал бұл көліктерді кейіннен кәсіпке қолданып, жалға беріп жүрген. Сот үкімімен олардың біріне үш жыл, екіншісіне екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылды. Сондай-ақ төрт арнайы техника мен 1 млрд теңгеден астам ақша мемлекет пайдасына тәркіленді. Үкім заңды күшіне енді», – делінген ҚМА хабарламасында.