Құрылтайда бизнесті ұзақ мерзімді қаржыландыру, қор нарығын дамыту және жаңа заң жобалары сараланды
Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитеті «Бизнес үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың қолжетімділігі: Қазақстанның капитал нарығындағы мүмкіндіктердің практикалық аудиті» тақырыбына арналған отырыс өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында Президент Жолдауында белгіленген еліміздің қаржы секторын дамыту жөніндегі міндеттерді орындау жолдары қаралды. Талқылауға Құрылтай вице-спикері Дания Еспаева, мемлекеттік органдардың жауапты өкілдері мен бизнес-қоғамдастық мүшелері қатысты.
Комитет төрағасы Ольга Перепечина отырыс барысында Жолдауда көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру үшін тиімді тетіктерді бірлесіп әзірлеу маңызды екенін айтты. Сонымен қатар осы бағыттағы заңнамалық шараларды уақытылы қабылдау қажеттігіне тоқталды.
«28 қазанда Мемлекет басшысы алдымызда елдің қаржы секторын одан әрі дамыту бойынша бірқатар басымдықты белгілеп берді. Бұл қатарда банктердің бизнесті ұзақ мерзімді несиелеуге қатысуын жандандыру, капитал нарығының инвестициялық тартымдылығын арттыру және дамыту, бірыңғай ұлттық қаржы экожүйесін қалыптастыру, қаржылық тәртіпті нығайту, сондай-ақ бюджет-салық саясатын жетілдіру бар», – деді Ольга Перепечина.
Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева биылғы Жолдауда Мемлекет басшысы экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландырудың жаңа моделіне көшу міндетін айқындағанын жеткізді. Бұл ретте елде жинақталған қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторын дамытуға бағыттау қажеттігін атап өтті.
«Бұл ретте Мемлекет басшысы қаржы ресурстарын ұлғайтып қана қоймай, оларды инвестицияға, өндіріске және жаңа жұмыс орындарына әртараптандыру бойынша тиімді тетіктер құру міндетін қойды. Осы жүйеде капитал нарығының рөлі ерекше. Президент капитал нарығының мүмкіндігін едәуір кеңейту және жекеменшік кәсіпорындарды биржалық құралдарды белсенді пайдалануға ынталандыру қажеттілігіне баса назар аударды», – деді вице-спикер.
Дания Еспаеваның пікірінше, отандық қор нарығының көлемін арттыру экономикаға тартылатын нақты инвестициялар өсімімен қатар жүруі керек. Осыған байланысты әзірленіп жатқан «Капитал нарығы туралы» заңның басты мақсаты нарық инфрақұрылымын формальды түрде дамытумен шектелмей, ұзақ мерзімді инвестиция тартудың тиімді құралдарын қалыптастыру болуға тиіс.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова жаңа заң жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе мен инвесторлардың мүддесін қорғауға қатысты талаптар ескерілгенін айтты. Атап айтқанда, 2003 жылғы «Бағалы қағаздар нарығы туралы» заңның орнына әзірленетін құжатта Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялар халықаралық ұйымының қағидаттары, нарықты теріс пайдаланудың алдын алу және есеп айырысуды ұйымдастыру жөніндегі еуропалық тәсілдер қамтылған.
«Заң жобасында бағалы қағаздар нарығы, туынды қаржы құралдары мен цифрлық қаржы активтері үшін жалпы қағидалар нақтыланды. Ол сондай-ақ мәмілелер бойынша сауда-саттықты, клирингті және есеп айырысуларды қамтамасыз ететін ұйымдардың функцияларын айқындайды. Бұған қоса, бағалы қағаздарды шығару рәсімі оңайлатылады, эмитент құжаттарды Орталық депозитарийдің бірыңғай терезесі арқылы ұсына алады. Нарықта бұрыннан бар компаниялар үшін оңайлатылған және негіздемелік проспектілер қарастырылған. Атап айтқанда, негіздемелік проспект облигациялық бағдарламаның жалпы шарттарын бір рет бекітуге және кейінгі шығарылымдарды тезірек орналастыруға мүмкіндік береді. Заң жобасын Құрылтайға биыл желтоқсанда енгізу жоспарланып отыр», – деді Мәдина Әбілқасымова.
Сонымен қатар агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп, Капитал нарығын 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасын әзірлеген. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, бағдарлама институционалдық инвесторлар аясын кеңейту, қайталама нарықтың өтімділігін арттыру және сын-қатерлерге бағдарланған қадағалау жүйесін толыққанды енгізу бағыттарын қамтиды. Бұдан бөлек, цифрлық қаржы активтерін, ESG-облигациялар мен исламдық бағалы қағаздарды дамыту көзделген. Жалпы құжатта 35 бастама мен 171 іс-шара қарастырылған.
«Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев бизнес пен жеке инвесторлардың капитал нарығындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ұсыныстарын ортаға салды. Оның ішінде компаниялардың қор нарығына шығуын жеңілдету үшін KASE және AIX алаңдарында олардың даму деңгейі мен кезеңдеріне сәйкес мамандандырылған сегменттер құру мәселесі көтерілді.
Сондай-ақ қазақстандық жеке компаниялардың акцияларын сатып алатын азаматтарға жеке табыс салығы бойынша жеңілдіктер беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Бұған қоса, Қанат Шарлапаев активтерді тәуелсіз басқару институты мен тәуекелдерді басқару құралдарын дамытудың маңызын атап өтті.
«Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE) басқарма төрағасының орынбасары Айнагүл Ысқақова капитал нарығындағы реформалар кезінде халықаралық инвесторларға түсінікті реттеуші орта қалыптастыру қажеттігіне назар аударды. Оның пікірінше, мұндай жағдай Қазақстанда құрылымы мен өнім түрлері жағынан ETF халықаралық тәжірибесіне сай келетін биржалық инвестициялық қорларды құруға мүмкіндік береді. Бұл ретте олардың қызметі тек индекстік инвестициялаумен шектелмеуі керек. Сонымен бірге ол ислам инвестициялық қорларын іске қосуға қажетті жағдайларды қалыптастыру мәселесін көтерді.
Отырыс барысында Құрылтай депутаттары қаржы секторын одан әрі дамытуға қатысты өз ұстанымдарын білдіріп, қатысушылардың баяндамаларында көтерілген мәселелерді талқылады.
Жиын қорытындысында комитет төрағасы Ольга Перепечина жауапты мемлекеттік органдарға барлық мүдделі тараптың ұсыныстарын ескере отырып, «Капитал нарығы туралы» заң жобасын Құрылтай қарауына белгіленген мерзімде енгізуді тапсырды. Сондай-ақ капитал нарығын дамыту мен бизнесті ұзақмерзімді қаржыландыру тетіктерін жетілдіруге бағытталған қосымша бастамалар әзірлеу қажеттігін айтты.
Бұдан бөлек, ол қаржы ұйымдары мен бизнес-қоғамдастық өкілдерін салалық комитетке инвестициялық қорлар туралы заң жобаларына, соның ішінде бірыңғай қаржы экожүйесін қалыптастыруға қатысты ұсыныстар жолдауға шақырды.
Ольга Перепечинаның айтуынша, жақын уақытта Құрылтайға Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы түсуге тиіс. Құжатты талқылау кезінде Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің ірі дәулет иелеріне жоғары мөлшерлеме енгізу, салық заңнамасындағы қайшылықтарды жою және кәсіпкерлерге түсетін артық салық жүктемесін азайту жөніндегі ұсыныстары қарастырылады.