Шымкенттегі университет ұжымы Жолдаудағы маңызды бастамаларды талқылады

Автор: Бақыт Шынар

Президенттің Жолдауы 28 қазанда өткен еді

Фото: Шымкент қаласының әкімдігі

Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ұжымы мен студенттер президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы бастамаларды талқылауға арналған жиын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент қаласының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Іс-шараны университет ректорының міндетін уақытша атқарушы Рысгүл Құдретуллаева ашып, Президент Жолдауында көтерілген міндеттерді жүзеге асыруда жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Оның айтуынша, ел дамуының басым бағыттарына сай мамандар даярлау, ғылымды дамыту және заманауи технологияларды білім беру үдерісіне енгізу – университеттің негізгі міндеттерінің бірі.

Жиында құрылыс, су ресурстары, атом энергетикасы және азаматтық жауапкершілік бағыттары бойынша баяндамалар жасалып, Президент Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асырудағы университеттің рөлі кеңінен насихатталды.

Алғашқы болып «Құрылыс және инфрақұрылымды дамыту мәселелері» тақырыбында баяндама жасаған Асқар Мамырбаев Мемлекет басшысы ұсынған «Халықтық құрылыс» бастамасының маңызын түсіндірді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін білікті сәулетшілер мен қала құрылысы мамандары қажет екенін атап өтті. Осы орайда «Сәулет және қала құрылысы» кафедрасының басты міндеті – сала сұранысына сай кәсіби мамандар даярлау екені айтылды.

Техника ғылымдарының кандидаты, доцент Парида Сұлтанбекова «Су ресурстары – ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың негізі: Президент Жолдауы аясындағы міндеттер» тақырыбында баяндама оқыды. Ол су ресурстарын үнемдеу мен тиімді басқарудың стратегиялық маңызын түсіндіріп, университетте сенсорлық және цифрлық технологияларды қолдану, су шығынын бақылау және білім беру үдерісін жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Сондай-ақ су шаруашылығы саласына заманауи технологияларды меңгерген мамандар даярлаудың қажеттігін атап өтті.

«Физика» кафедрасының доценті, PhD, қауымдастырылған профессор Сапарғали Пазылбек «Қазақстанның атом энергетикасы және ядролық физика мамандарын даярлау» тақырыбында баяндама жасады. Ол атом энергетикасын дамытудың маңызы мен осы саладағы ғылыми-техникалық кадрларға сұраныс туралы айтып, университетте алдағы уақытта «Ядролық физика» білім беру бағдарламасын ашу жоспарланып отырғанын жеткізді. Бұл бастама еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға қажетті мамандар даярлауға бағытталған.

Жиын барысында Президент Жолдауында белгіленген стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыруда ғылым мен білімнің, кәсіби кадр даярлаудың және инновациялық технологиялардың маңызы кеңінен түсіндірілді. Әуезов университеті жаңа білім беру бағдарламаларын дамыту, сұранысқа ие мамандар даярлау және ғылыми зерттеулерді жетілдіру арқылы ел дамуының басым бағыттарына үлес қосуды көздейді.