Tengri Tyres зауытының ұжымымен Президент Жолдауындағы міндеттер талқыланды

Автор: Алмас Ерсін

Зауытта өткен кездесуде отандық өндірісті дамыту, инвестиция тарту, жаңа технологияларды енгізу және білікті мамандар даярлау мәселелері алға қойылды

Фото: Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаттары Айсұлу Сүлейменова мен Александр Данилов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Виталий Тварионас, Увайс Джанаев, Виталий Хмелевский және Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев Саран қаласындағы Tengri Tyres шина зауытының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген негізгі басымдықтар талқыланды. Әсіресе экономиканың нақты секторын дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіп салаларын әртараптандыру және отандық өндірісті заманауи технологиялармен жаңғырту мәселелеріне баса назар аударылды.

Президент өз Жолдауында елдің экономикалық қуатын арттыру, заманауи инфрақұрылымды дамыту және озық технологияларды енгізу егемендікті нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды шарттары екенін атап өтті. Сондай-ақ еліміздің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге, жаңа кәсіпорындар ашуға және сапалы жұмыс орындарын құруға ерекше мән берілді.

Бұл міндеттер Tengri Tyres сияқты ірі өнеркәсіп орындарының жұмысына тікелей қатысты. Бәсекеге қабілетті өнім шығару, жаңа технологияларды енгізу және өндірістік әлеуетті арттыру еліміздің импортқа тәуелділігін азайтып, сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндік береді.

Құрылтай депутаты Александр Данилов Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға және экономиканы тұрақты дамытуға бағытталған бастамаларының маңызын атап өтті.

 «Президент Жолдауы еліміздің алдағы даму бағытын айқындайды. Онда экономиканы нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Отандық өндірісті өркендету, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек ұжымдарын қолдау – Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі тіректер. Әрбір кәсіпорынның артында адамдардың кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі мен күнделікті еңбегі тұр. Сондықтан өндірісті дамытуға мүмкіндік жасап, әр адамның еңбегіне лайықты баға берілуі маңызды», – деді Александр Данилов.

Кездесуде өнеркәсіпті дамыту үшін білікті мамандар даярлау және олардың кәсіби білімін үнемі жетілдіру қажеттігі де айтылды. Қазіргі кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті болуы, ең алдымен, білікті мамандар мен олардың жаңа технологияларды меңгеруіне байланысты екендігі сөз болды.

Бүгінде еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оларды жүзеге асыруға бизнес өкілдері, еңбек ұжымдары және әрбір азамат өз үлесін қосуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, өңірлерде халықпен ашық пікір алмасу мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіруге және тұрғындарды толғандырған сұрақтарды тікелей талқылауға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында зауыт қонақтары мен қызметкерлері Жолдауда белгіленген міндеттерді орындау үшін әрбір қазақстандық өз жұмыс орнында жауапкершілікпен еңбек етіп, ортақ іске үлес қосуы қажет екенін атап өтті.

Айта кетерлігі, Tengri Tyres – жеңіл және жүк көліктеріне арналған шиналар өндірісімен айналысатын инновациялық кәсіпорын. Қарағанды облысындағы ірі өнеркәсіп орындарының бірі. Кәсіпорын өңірдің жүздеген тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.