Депутат урбанизация мәселесін жан-жақты талдады
Қазақстан халқының 64 пайыздан астамы қалада тұрады. Бірақ онда өмір сүретін халықтың көбейгені сапаның жақсарғанын білдіре ме? Көп үй салынғанымен, мектеп пен емхана жетпейді. Жұмыс орны мен қоғамдық көлік мәселесі де толық шешілмеген. Соған қарамастан ауыл халқы жылдан жылға азайып барады. Осы мәселелерді көтерген «Әділет» партиясының депутаты Юлия Кучинская премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, еліміздегі 90 қаланың даму әлеуеті әртүрлі. Мысалы бүкіл қала халқының 37 пайыздан астамы Астана, Алматы және Шымкентте шоғырланған.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында қалаларды экономиканың, технологияның және адами капиталдың орталығы ретінде атады. Алайда жан-жақты талдауларға сүйенсек, урбанизация үдерісінің бірқалыпты жүрмейтінін, ортада теңгерімсіздік бар екенін байқаймыз», – деді депутат.
Мысалы елдегі үш мегаполисте тұрғын үйлер қалай көп салынса, мектеп пен емхана ашу, тіпті жол мен кәріз жүйесін реттеу де уақытылы шешілу керек. Яғни базалық инфрақұрылым реттелу қажет. Себебі урбанизация процесінің теңгерімсіздігі осы секілді үлкен мәселелерге әкеледі.
Мысалы мегаполистің айналасындағы елді мекендер де ақырындап экономикалық және әлеуметтік кеңістікке қосылады. Осылайша агломерация қалыптасады. Бірақ қала мен оған іргелес аумақтардың дамуы бір-бірімен үйлеспесе, ортақ мәселелер көбейеді.
Депутаттың сауалында қала маңындағы елді мекендерде тұратын халық саны мен тек тіркелген тұрғындар санының айырмашылығы коммуналдық желілерге, көлік жүйесіне және әлеуметтік нысандарға түсетін жүктемені арттырып отырғаны айтылған.
Мәселен, адам қала маңындағы елді мекенде тұрып, қалада жұмыс істейді. Баласы қаладағы мектепке барады, медициналық қызметті де сол жерден алады.
Депутат «Агломерацияларды дамыту туралы» заң қолданысқа енгеннен бері бірде-бір бірлескен жоба жүзеге асырылмағанын алға тартты. Сондықтан ол мегаполистер мен оларға іргелес облыстар арасында ортақ инфрақұрылым шығындарын әділ бөлетін тетік қалыптастыруды ұсынады.
Мұнан бөлек тағы бір мәселеге де назар аударды.
«Тұрғын үйлермен қатар жұмыс орны да, ол жақтағы қызметтерде қолжетімді болу керек. Себебі тұрғындар қарапайым заттар үшін күнде орталыққа баруға мәжбүр. Олардың бірнеше сағаты жолда өтеді және бұл өмір сапасына кері әсер етеді», – деді ол.
Қала маңындағы елді мекендерде өндіріс орындары, кеңселер, білім беру және медициналық мекемелер көбейсе, тұрғындардың күн сайын мегаполис орталығына баруы да азаяды.
Сондықтан депутат мегаполистерді орталықсыздандыруды ұсынды. Яғни жаңа мемлекеттік мекемелерді, жоғары оқу орындары мен ауруханаларды тек қала орталығына орналастырмай, шеткі аудандар мен қала маңына да көшіру қажет.
Дәл осы ретте урбанизацияның екінші тұсын көре аламыз. Бір өңірдің халқы ірі қалаларға көшіп жатқанда, шағын қалаларда тұрғындар азаяды.
«Жалақысы жоғары жұмыс орындарының аз болуы, инфрақұрылымның тозуы, сапалы білім беру, медициналық қызмет пен демалыс орындарының жетіспеуі халықтың басқа өңірлерге көшуіне әсер етеді. Салдарынан өңірдегі білікті кадрлар азаяды», – дейді депутат.
Осыған байланысты депутат елдегі 90 қаланың инфрақұрылымдық және экономикалық әлеуетіне кешенді аудит жүргізіп, даму жоспарларын жаңартуды ұсынды.
Депутат қандай шешім ұсынды
Юлия Кучинская Үкіметке сегіз бағыт бойынша ұсыныс жолдады. Олардың ішінде тұрғын үй құрылысын бақылаудан бастап, қала маңындағы электр пойыздарын іске қосу, әлеуметтік нысандарды тиімді пайдалану және урбанизация рейтингін енгізу мәселелері бар.
Ұсыныстардың бірі – тұрғын үйлерді пайдалануға беру мен халықты қоныстандыруды инженерлік желілердің, жолдардың және әлеуметтік нысандардың дайындық кестесімен сәйкестендіру. Бұл құрылыс компанияларының тұрғын үйді салып қана қоймай, сол аумақтың инфрақұрылымдық жағдайын да ескеруіне мүмкіндік беруге тиіс.
Тағы бір бастама – қала мен қала маңын байланыстыратын бірыңғай көлік жүйесін қалыптастыру. Депутат жаңа маршруттар әзірлеуді және жылдам жүретін қала маңы электр пойыздарын іске қосуды ұсынады. Бастысы сұраныс ескерілу қажет.
Тағы бір маңызды бастама – қалалардың даму деңгейін бағалайтын кешенді урбанизация рейтингін енгізу. Онда өңірлік стандарттардың орындалуы, көлік қатынасының қолжетімділігі және тұрғындардың қоғамдық өмірге араласуы ескерілуге тиіс.