Бұл бастама жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздейді
Кез келген адамның құқықтық сауаты мен заңға құрмет, ең алдымен бала күннен қалыптасады. Осы бағытта Шығыс Қазақстан облысында қолға алынған PVE LABS жобасы жасөспірімдерге қиын жағдайда дұрыс таңдау жасауға, теріс әсер ететін ортаның соңынан ермеуге және әр ісінің салдарын түсінуге көмектеседі. Бастамаға кемінде 220 оқушыны тарту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы негізінде қолға алынған жоба өскелең ұрпақтың құқықтық білімін жетілдіріп, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылықтың алдын алуды көздейді.
Жобаның ерекшелігі – оқыту үдерісінің тәжірибеге негізделуі. Дәстүрлі дәрістердің орнына оқушыларға құрдастарының қысымы, әлеуметтік желілердегі қауіпті ұсыныстар мен жанжалдар сияқты күнделікті өмірде кездесетін жағдайларды талдау ұсынылады. Осы арқылы олар өз әрекеттерінің салдарын бағалап, мәселелерді заң аясында шешу жолдарын үйренеді.
Жоба Орталық Азиядағы зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алуға бағытталған PREVECA II халықаралық бағдарламасы аясында Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен әріптестікте жүзеге асырылуда.
Қор директоры Ольга Свириденконың айтуынша, алғашқы құқықтық лагерь Өскемен қаласында жұмысын бастады. Алдағы уақытта осындай лагерьлер Глубокое ауданындағы Белоусовка кентінде, Риддер қаласында және Алтай ауданында ұйымдастырылады. Жалпы, төрт аумақта кемінде 220 оқушыны қамту көзделген.
«Біз балаларға заңның тек жазалау үшін емес, ең алдымен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет екенін түсіндіргіміз келеді. Сондықтан құқықтық лагерьлерде дәстүрлі дәрістер мен семинарлар өткізілмейді. Полиция және прокуратура өкілдерімен бірлесіп, жасөспірімдер күнделікті өмірде тап болуы мүмкін нақты жағдайларды талдап, олардың алдын алу жолдарын қарастырамыз», – деді Ольга Борисовна.
Оқытуға полиция және прокуратура қызметкерлері, психологтар, медиасауаттылық пен зорлық-зомбылық экстремизмінің алдын алу саласындағы мамандар, сондай-ақ Алматы қаласындағы Ішкі істер министрлігі академиясының өкілдері қатысады.
Бағдарлама сыни ойлау, құқықтық және медиасауаттылық, жанжалдарды шешу және экстремистік көріністердің алдын алу бағыттарын қамтиды.
Сонымен қатар оқушылардың өз бастамаларына қолдау көрсетіледі. Қатысушылар ұсынған үздік жобалар іріктеліп, оларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріледі. Бұл жасөспірімдердің құқықтық білімдерін мектеп өміріндегі нақты мәселелерді шешуде қолдануына жол ашады.
PVE LABS жобасының негізгі нәтижесі – тек қатысушылар санымен емес, олардың бойында заңды құрметтеу, қауіпсіз мінез-құлық және азаматтық жауапкершілік мәдениетінің қалыптасуымен өлшенбек.
Осылайша, жоба «Заң мен тәртіп» қағидаттарын мектеп ортасында нығайтуға және өз құқықтары мен міндеттерін білетін, өзгелердің құқығын құрметтейтін жауапты ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.