Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімге 2026 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылған.
Қазақстан Азия Даму Банкінен 3,4 млрд қытай юані көлемінде қарыз алмақ. Бұл шамамен 470 млн долларға тең. Қаражат көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіп, білім беру және басқа да басым бағыттарды қаржыландыруға жұмсалады. Бұл туралы Құрылтай отырысында Қаржы министрі Мәди Тәкиев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрдің айтуынша, Қазақстан мен Азия Даму Банкі арасындағы қарыз туралы келісімге 2026 жылғы 11 қыркүйекте қол қойылған.
«Қарыз 15 жыл мерзімге беріледі. Оның ішінде үш жылдық жеңілдік кезеңі қарастырылған. Сыйақы мөлшерлемесі жылдық 1,69 пайызды құрайды. Бұл қаражат Үкіметтің бірінші кезектегі шараларын қолдауға, көлік инфрақұрылымын, өнеркәсіп, білім беру және басқа да басым бағыттарды қаржыландыруға мүмкіндік береді», – деді Мәди Тәкиев.
Министр қарызға қызмет көрсету шығыны мен оны өтеу шығыны республикалық бюджеттен төленетінін айтты.
Оның сөзінше, Қазақстан Азия Даму Банкіне 1994 жылы қосылған. Қазіргі уақытта еліміздің банктегі үлесі 0,805 пайыз. Осы уақытқа дейін Қазақстанға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 8,7 млрд АҚШ долларына жеткен.
«Қазақстанға тиісті қаражаттың берілуі халықаралық деңгейде біздің елімізге деген жоғары сенім бар екенін білдіреді», – деді министр.
Мәди Тәкиев мемлекеттік борыш деңгейіне де тоқталды. Оның айтуынша, халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның кредиттік рейтингін тұрақты болжаммен жоғары деңгейде бағалап отыр.