Бұл туралы Құрылтай отырысында Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егізбаев айтты
Қазақстанда ветеринария саласы мамандарының жалақысы екі есеге дейін артады. Бұл туралы Құрылтай отырысында Аграрлық мәселелер, экология және табиғи ресурстар комитетінің төрағасы Серік Егізбаев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың айтуынша, заң жобасы аясында ветеринария саласы қызметкерлерінің жалақысын көтерумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар қолдау шарасы қарастырылған.
«Қазіргі уақытта ветеринария мамандарының орташа жалақысы шамамен 220 мың теңгені құрайды. Заң жобасын қабылдаған жағдайда 420 мың теңгеге дейін артады», – деді Серік Егізбаев.
Сонымен қатар ветеринар мамандарға жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шыққан кезде кемінде екі лауазымдық айлық ақы мөлшерінде сауықтыруға арналған жәрдемақы төлеу көзделіп отырғанын айта кетті.
«Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығу кезінде кемінде екі лауазымдық айлық ақы мөлшерінде сауықтыруға жәрдемақы төленуі көзделіп отыр. Ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақылар, ғылым кандидатына және ғылым докторына белгіленген мөлшерде қосымша ақы төлеу қарастырылған. Арнайы киіммен де қамтамасыз ету көзделеді», – деп атап өтті депутат.
Оның сөзінше, ғылым докторларына негізгі жұмыс орны бойынша айлық есептік көрсеткіштің 34 еселенген мөлшерінде қосымша ақы төлеу ұсынылып отыр.
Айта кетейік, Құрылтай депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын талқылап жатыр.