Ол – Қаратөбе ауданының тұрғыны
БҚО-да ер адам құдаққа құлап, кеудесіне бөтелкенің сынығы кіріп кеткен. Салдарынан қансырап, 1,5 литр қан жоғалтқан, деп жазады Azattyq Rýhy.
Оқиға Подстепное – Ілек автожолына жақын жерде болған. Жол бойында тұрған полицияға көлік тоқтап, жараланған ер адамды тезірек ауруханаға жеткізу керек екенін айтқан.
Қансырап қалған ер адам – Қаратөбе ауданының тұрғыны. Жарасынан аққан қанды тоқтату үшін дәкемен басып келе жатыпты. Көп қан аққандықтан басы айналып, қатты әлсіреп қалған.
«Полиция инспекторлары Ринат Биғалиев пен Айбар Рашидов оны дереу қалалық ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер жараланған ер адамға шұғыл ота жасады», – делінген ПД хабарламасында.
Қазір ер адамның жағдайы жақсарып, беті бері қарады.