Министр балалардың тамақтан уланғанын растады
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Өзбекстанда тамақтан уланып, ауруханаға түскен 16 адамның жағдайы туралы айтты, деп жазады Azattyq Rýhy.
Ол Үкімет отырысынан кейін өткен брифингте Ташкент ауруханасында жатқан балалар туралы айтты.
«Біз алғашқы уақыттан бастап Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Ералы Тоғжановпен байланыста болдық. Балалардың жағдайы онлайн түрде біздің бақылауымызда деуге болады. Балалардың алып жатқан емі біздің де хаттамамызға сай келеді. Балалардың жағдайы тұрақты. Вице-министр бүгін тағы бір жиын өткізіп, онлайн режимде әр баланың жағдайына қатысты ақпарат алды. Әзірге балаларды Қазақстанға жеткізу жоспарымызда жоқ. Егер алып келу қажет болса, біз оған дайынбыз», – дейді министр.
Ол өз сөзінде осыған байланысты Түркістан облысы мен Шымкентте тиісті төсек қоры жасақталатынын жеткізді. Айтуынша, қазір дәрігерлер де, қажетті дәрі қоры да бар.
«Балалардың жағдайы тұрақты. Олар тамақтан уланған. Бірақ Өзбекстан тарапы қосымша зерттеулер жасап жатыр. Олар ресми жариялаған соң нақтысы белгілі болады. Балалардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ», – дейді Ақмарал Әлназарова.