Мал ұрлығы мен ет өнімдерін заңсыз сатудың алдын алу үшін өңірде 10 мобильді бекет жұмыс істеп жатыр
Павлодар аумағында мал ұрлығының, етті заңсыз сатудың және санитариялық талаптарды бұзу деректерінің алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
ІІМ-нің ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, полиция қызметкерлері ветеринариялық инспекторлармен бірлесіп, сауда орындарын және мал мен ет өнімдерін тасымалдаудың ықтимал бағыттарын тексерді.
Рейдтік топтар облыс аумағындағы автожолдарда мал мен ет шикізатын тасымалдау заңдылығына ерекше назар аударды.
«Қала сыртындағы тасжолдар мен кіреберістерде 10 мобильді бекет қойылды. Автокөліктер тексеріліп, тасымалданатын жүк ветеринариялық ілеспе құжаттармен салыстырылды. Сондай-ақ жануарларда құлақ сырғаларының, ал ет ұшаларында таңбалардың бар-жоғы тексерілді. Сонымен қатар базарларды қоса алғанда, халық көп жиналатын сауда орындарында рейдтер жүргізіліп, сатылатын еттің шығу тегінің заңдылығы зерделенді. Нәтижесінде ветеринария саласында екі заңбұзушылық анықталып, материалдар тиісті құзырлы органға жолданды», – деді Павлодар қалалық полиция басқармасы криминалдық полиция бөлімінің бастығы Асхат Мұқышев.
Бұдан бөлек, учаскелік инспекторлар шаруа қожалықтарының иелерімен, бақташылармен және жеке қосалқы шаруашылық иелерімен профилактикалық әңгіме жүргізді. Оларға малды таңбалау мен сырғалау, қора-жайларды нығайту және малды қараусыз жаюға жол бермеу қажеттігі ескертілді. Өйткені малды еркін жаю ұрлыққа қолайлы жағдай туғызады.