Бірқатар аймақта үсік, тұман, қар мен көктайғақ күтіледі
1 қарашада Қазақстанның 12 өңірінде дауылды ескерту жарияланды. Елдің бірқатар аймағында үсік, тұман, көктайғақ пен қар жаууы мүмкін. Сонымен қатар кей өңірлерде өрт шығу қаупі жоғары және төтенше деңгейде сақталады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидрометке» сілтеме жасап.
Алматы облысында 1 қарашаға қараған түні 1–6 градус үсік жүреді деп болжанып отыр. Облыстың батысында, оңтүстігінде, шығысында және орталығында өрт шығу қаупі жоғары. Алматы қаласында да өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Қонаевта түнде 1–3 градус үсік күтіледі. Мұнда да өрт қаупі жоғары.
Жетісу облысында түнде және таңертең өңірдің шығысы мен таулы аудандарында тұман түседі. Түнде облыс бойынша 3–8 градус үсік жүреді. Шығыста өрт қаупі төтенше деңгейде, оңтүстігінде, батысында және орталығында жоғары деңгейде сақталады. Талдықорғанда түнде 6–8 градус үсік күтіледі. Қалада өрт қаупі де жоғары.
Жамбыл облысының таулы аудандарында тұман түседі. Солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Өңірдің солтүстігінде, оңтүстігінде және шығысында өрт қаупі жоғары.
Атырау облысында, оның ішінде облыс орталығында өрт қаупі төтенше деңгейде сақталады.
Солтүстік Қазақстан облысының батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Петропавлда да түнгі және таңғы уақытта тұман күтіледі.
Батыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында, батысында, оңтүстігінде және шығысында өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Шығыс Қазақстан облысының солтүстігінде, шығысында және таулы аудандарында түнде және таңертең аздаған қар жауып, тұман түседі. Көктайғақ болуы мүмкін.
Түркістан облысының таулы аудандарында түнде және таңертең тұман түседі. Таулы аймақтарда солтүстік-шығыстан соғатын желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Өңірдің солтүстігінде, батысында, орталығында және тау бөктеріндегі аудандарында өрт қаупі жоғары. Шымкент пен Түркістан қалаларында да осындай жағдай күтіледі.
Қостанай облысының шығысы мен оңтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Өңірдің оңтүстігінде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Ұлытау облысының батысы мен орталығында өрт қаупі төтенше деңгейде болады. Мұндай қауіп Жезқазған қаласында да күтіледі.
Маңғыстау облысында өрт қаупі жоғары, ал өңірдің орталық бөлігінде төтенше деңгейде сақталады. Ақтауда да өрт қаупі жоғары болады.
Қызылорда облысының солтүстігінде түнде 3 градус үсік жүреді. Облыс бойынша өрт қаупі төтенше деңгейде, ал солтүстігінде жоғары деңгейде сақталады. Қызылорда қаласында да өрт қаупі төтенше деңгейде болады.