Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ
Батыс Қазақстан облысында сот ауыр жол-көлік оқиғасынан кейін І топтағы мүгедек болып қалған баланың анасының талап-арызын ішінара қанағаттандырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, сот жоғары қауіп көзі саналатын көлік құралының иесін келтірілген зиянды өтеуге міндеттеді. Сот материалдарына сәйкес, «КамАЗ» жүк көлігінің жүргізушісі кәмелетке толмаған баланы қағып кеткен. Салдарынан бала ауыр жарақат алып, өздігінен жүріп-тұру мүмкіндігінен айырылған.
Баланың анасы моральдық зиян үшін 60 млн теңге өтемақы өндіруді сұраған. Сот жәбірленушінің ауыр моральдық зардап шеккенін, ұзақ уақыт емделу қажеттігін және денсаулығына келген зиянды ескеріп, өтемақы көлемін 10 млн теңге деп белгіледі. Ал материалдық шығынды өндіру туралы талап қанағаттандырылмады. Себебі бұл шығындар сақтандыру төлемі есебінен толық өтелген. Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.