Ақтөбеде жоғалған мысықтың иесін мазақ қылған жасөспірімдер анықталды

Автор: Дәулет Ботагөз

TikTok желісіне жүктелген роликтердің бірі бір тәулікте 12–13 мың қаралым жинап, соның салдарынан оған күніне 50–60 қоңырауға дейін түсе бастаған

Фото: скриншот

Ақтөбе қаласында жоғалған мысығын іздеп хабарландыру берген тұрғынға телефон соғып, мазасын алған үш жасөспірімнің ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy HALYQSTAN-ға сілтеме жасап. 

Тәртіп бұзған жасөспірімдер жануар туралы ақпарат берудің орнына тұтқаға мяулап, күліп, бұл әрекеттерін бейнежазбаға түсірген.

Мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалар мысық иесіне қолайсыздық тудырған. Тұрғынның айтуынша, TikTok желісіне жүктелген роликтердің бірі бір тәулікте 12–13 мың қаралым жинап, соның салдарынан оған күніне 50–60 қоңырауға дейін түсе бастаған. Заңсыз әрекеттерден мезі болған азамат қоңыраулардың жазбаларын сақтап, полицияға арызданған. Құқық қорғау органдары үш жасөспірімнің де жеке басын анықтады. Олардың ата-аналары бала тәрбиесіндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал оқушылармен профилактикалық әңгіме жүргізілді.