Ақтөбе облысындағы шахтада 10 күн ішінде екі жұмысшы қаза тапты

Автор: Асыл Арман

Қайғылы оқиға Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтасында болды

Фото: freepik.com

Ақтөбе облысындағы «Қазхром» компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты шахтада жұмысшы қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 29 қазан күні ERG құрамындағы «Қазхром» компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы атындағы шахтасында болды. Вагондарды тіркеу жұмысы кезінде тау-кен жұмысшысы жарақат алды. Зардап шеккен қызметкер Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілген. Алайда аман алып қалу мүмкін болған жоқ.

«Компания қаза болған қызметкердің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады және оларға қажетті көмек пен қолдау көрсетеді», – делінген хабарламада.

Оқиға туралы тиісті мемлекеттік органдарға хабарланды. Ақтөбе облысының Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаментінің өкілдері арнайы комиссия құрып, тергеу жүргізеді. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы туралы қосымша ақпарат беріледі.

Айта кетейік, 20 қазан күні Дөң тау-кен байыту комбинатына қарасты «Болашақ» шахтасында тау жынысы опырылып, тағы бір жұмысшы қаза тапқан.