Ата-анасы 1980 жылы оның өмірге келгенін АХАТ органдарында тіркемеген
Алатау қаласында 46 жастағы әйел адам туғаннан бері құжатсыз өмір сүріп келгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тиісінше, оның жеке басын куәландыратын құжаттары және жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) болмаған. Оның бүгінге дейін құжатсыз өмір сүріп келгеніне ата-анасының 1980 жылы АХАТ органдарында тіркемеуі себеп болған. Ал ол кездегі медициналық мұрағаттардың сақтау мерзімі өтіп кетуіне байланысты жойылған. Соның салдарынан құжаттарды соттан тыс тәртіппен қалпына келтіру мүмкін болмаған.
«ЖСН-і болмағандықтан, әйел сотқа өз бетінше жүгіне алмаған, ал әпкесінің бұған дейін берген өтініші қанағаттандырылмаған. Азаматшаның құқықтарын қорғау мақсатында Алатау қаласының прокуратурасы сотқа оның туу фактісін анықтау туралы талап қоюмен жүгінді», – делінген прокуратура хабарламасында.
Сот оның талабын қанағаттандырды. Енді ол тиісті құжаттарын рәсімдеп, медициналық көмек ала алады. Сол сияқты ресми түрде жұмысқа орналасып, әлеуметтік қолдауға ие болады.