Бұл істі қарауға құқық қорғау органы қызметкерінің өтініш себеп болған
Конституциялық сотта «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның жекеменшікке баспана сатып алу үшін тұрғын үй төлемдерін бір рет қана пайдалануды көздейтін 101-1-бабының 10-тармағын Конституцияға сәйкестігі тұрғысынан қаралды. Оған құқық қорғау органы қызметкерінің өтініші себеп болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Белгілі болғандай, құқық қорғау органы қызметкері тұрғын үй төлемдерінен айырылып қалған. Оған ипотекаға бір бөлмелі үй алып, қарызы толық бітуі себеп болған. Кейіннен баспанасын кеңейтіп, екі бөлмелі пәтер алмақ болған. Осыған байланысты тұрғын үй төлемдерін қайта рәсімдемек болғанда, өтінішіне рұқсат берілмепті. Ал бірінші және апелляциялық сатыдағы соттар бұл шешімді заңды деп таныған.
Алайда ол бұл шешіммен келіспей, Конституциялық сотқа жүгінеді. Өз кезегінде Конституциялық сот мемлекет азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету үшін қажетті жағдай жасауға міндетті екенін атап өтті. Ал азаматтардың жекелеген санаттарына тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі мемлекеттің экономикалық және қаржылық мүмкіндіктері ескеріле отырып, заңмен белгіленеді.
Соттың түсіндіруінше, тұрғын үй төлемдері қызметтік тұрғын үй берудің орнына бюджет қаражаты есебінен төленеді. Оларды тұрғын үйді жеке меншікке сатып алуға пайдалануға болады. Алайда заң бойынша бұл құқықты азамат бір рет қана пайдалана алады.
Өтініш иесі тұрғын үй төлемдерін пайдаланып, пәтер сатып алу арқылы осы құқығын іске асырған. Ипотекалық қарыз толық өтелгеннен кейін тұрғын үй төлемдері уақытша тоқтатылмай, біржола тоқтатылған. Қолданыстағы заңнамада азаматтың сол елді мекеннен қайтадан тұрғын үй сатып алуы үшін бұл төлемдерді қайта тағайындау қарастырылмаған.
«Өтініш иесінің отбасы құрамын ескере отырып, қызметтік тұрғын үй алу немесе қызмет бабымен басқа өңірге ауыстырылған жағдайда тұрғын үйді жалға алу ақысын төлеуге арналған тұрғын үй төлемдерін алу мүмкіндігі сақталады. Конституциялық Сот тұрғын үй төлемдерін беру шарттары мен оларды бір рет қана пайдалану тәртібінің заңмен белгіленуі өздігінен өтініш иесінің конституциялық құқықтарының бұзылғанын білдірмейтінін атап өтті», – делінген хабарламада.