Пікірсайыс барысында үкімет пен оппозиция топтарының өкілдері қарама-қарсы көзқарастарын ұсынып, өз ұстанымдарын дәлелдейтін уәждер келтірді
Бүгін Оңтүстік Қазақстан көпсалалы колледжінде «Ірі кәсіпорындар: экономикалық даму ма, әлде экологиялық қауіп пе?» тақырыбында пікірсайыс өтті. «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында ұйымдастырылған іс-шара қоғамдағы өзекті мәселелердің бірін талқылауға дайын студенттердің басын қосты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кездесудің басты тақырыбы – ірі кәсіпорындардың экономика мен қоршаған ортаға әсері. Қатысушылар өнеркәсіптің ел экономикасын дамытудағы, жұмыс орындарын ашудағы және экономиканы нығайтудағы рөлін, сондай-ақ, өндірістік қызметтің қоршаған ортаға тигізетін ықтимал кері әсерлерін талқыға салды.
Пікірсайыс барысында үкімет пен оппозиция топтарының өкілдері қарама-қарсы көзқарастарын ұсынып, өз ұстанымдарын дәлелдейтін уәждер келтірді. Әсіресе ауаның, судың және топырақтың ластануы, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, қалдықтарды қайта өңдеу және кәсіпорындардың қоршаған ортаға тигізетін әсері үшін жауапкершілігіне ерекше назар аударылды.
Оңтүстік Қазақстан көпсалалы колледжінің директоры Дінмұхаммед Абдурахманов мұндай іс-шаралардың жастардың белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
«Мұндай пікірсайыстар студенттерге қоғамдағы өзекті мәселелерді тереңірек зерттеуге, әртүрлі көзқарастарды саралауға және өз пікірін дәлелді түрде қорғауға көмектеседі. Жас ұрпақ экономикалық даму табиғатқа жауапкершілікпен қараумен қатар жүруі керектігін түсінуі маңызды», – деді ол.
Оңтүстік Қазақстан көпсалалы колледжінің қазақ тілі пәнінің оқытушысы Айнұр Тоқбаева пікірталастың білім беру тұрғысындағы маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, пікірсайысқа қатысу студенттердің сыни ойлау қабілетін, қарым-қатынас мәдениетін және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға ықпал етті.
«Экологиялық мәселелер әрқайсымызға қатысты. Сондықтан студенттерді проблемаларды айтумен ғана шектелмей, олардың шешу жолдарын іздеуге де үйрету маңызды. Пікірсайыс әртүрлі пікірлерді тыңдауға, сындарлы диалог құруға және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне саналы түрде қарауға мүмкіндік береді», – деді ол.
Пікірсайыс өнеркәсіптің дамуы мен табиғатты қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтау жолдарын талқылауға мүмкіндік берді. Қатысушылар түрлі дәлелдерді салыстырып, пікірталас жүргізу дағдыларын жетілдіріп, экологиялық мәселелерге қатысты саналы көзқарас қалыптастырды.
Ұйымдастырушылар елдің тұрақты дамуы бойынша мәселелерді шешуде жастардың белсенді қатысуы маңызды екенін атап өтті.