«Бітімгершілік мәдениеті: қоғамдық келісім мен бірліктің негізі» атты форум аясында ұйымдастырылған семинар «Медиация негіздері және қақтығыстарды басқару» тақырыбына арналды
Адамдар арасындағы дау-дамайды ушықтырмай, екі тарапқа да тиімді шешім табу жолдары Атырауда өткен республикалық семинарда талқыланды. Екі күнге созылған оқуға Қазақстанның әр өңірінен медиаторлар, мемлекеттік қызметшілер мен қоғамдық келісім саласының мамандары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Бітімгершілік мәдениеті: қоғамдық келісім мен бірліктің негізі» атты форум аясында ұйымдастырылған семинар «Медиация негіздері және қақтығыстарды басқару» тақырыбына арналды.
Қатысушылар дауларды келіссөз арқылы реттеу, екі тараптың ортақ шешімге келуіне көмектесу және тиімді қарым-қатынас орнату әдістерін меңгерді. Бағдарламада теориялық дәрістермен қатар, топтық жұмыстар мен практикалық жаттығуларға басымдық берілді.
Оқу сабақтарын медиация, құқық және мемлекеттік басқару саласының мамандары жүргізді. Олардың қатарында кәсіби тренер-медиаторлар Асет Абжақов, Руслан Тоқатов, Нұртай Қасымов және Дана Кенжеқұлова, сондай-ақ «Қоғамдық келісім» мекемесінің сарапшысы Талшын Италиева бар.
Практикалық тапсырмалар кезінде қатысушылар түрлі жанжал жағдайларын талдап, келіссөз жүргізу және тараптардың өзара түсіністікке келуіне ықпал ету жолдарын пысықтады.
Бұдан бөлек, форумға қатысушылар Сарайшық тарихи мекеніне барып, көне қаланың тарихы мен мәдени мұрасымен танысты.
Екі күндік семинар соңында қатысушыларға сертификаттар берілді. Іс-шараны Атырау облысының Ішкі саясат басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырды.