Президенттік орталықта елдегі қоғамдық-саяси, экономикалық процестер мен стратегиялық бағыттар талқыланды
Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін Президент орталығында сарапшылар бас қосты. Құрылтай депутаттары, зерттеу институтының өкілдері мен сарапшылар құжатта белгіленген міндеттерді талқылап, негізгі бағыттарға тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жиында саяси, экономикалық және әлеуметтік міндеттер әртүрлі қырынан қарастырылды. Ал кездесуде алғы сөз сөйлеген Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат құжаттың елдегі өзгерістермен сабақтастығын атап өтті.
«Жолдау – қазақстандық қоғамды жаңғырту процесіндегі маңызды кезең. Себебі ол трансформацияны білдіретін ең маңызды оқиғалардың аясында, ең алдымен – Қазақстанның жаңа Конституциясын қабылдау тұсында айтылды. Биыл 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Ата заң Қазақстанның ішкі дамуындағы жаңа шындықтарды және өзгерген халықаралық жағдайды көрсетеді», – деді ол.
Сонымен қатар Қазақстанды Еуразияның жетекші логистикалық орталығына айналдыру, тұрақты энергия профицитіне қол жеткізу, су ресурстары мәселесін шешу және цифрлық технологияларды енгізу міндеттеріне назар аударды. Сондай-ақ жаңа Азаматтық кодекс әзірлеу, ең төменгі жалақыны арттыру және әлеуметтік көмекті нақты мұқтаж адамдарға бағыттау мәселелерін атады.
Ал Құрылтай депутаты Юлия Кучинская Жолдаудың қоғамның қазіргі сұраныстарын толықтай көрсететінін атап өтті. Ол құжатта көтерілген мәселелердің азаматтардың күнделікті сұраныстарымен де байланысты екенін жеткізді. Айтуынша, өңір тұрғындарымен кездесуде айтылатын мәселелер Жолдаудағы басымдықтармен үндеседі.
Басқосуда сөз сөйлеген Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры Жанар Джигитекова қарастырылып жатқан мәселелерге құқықтық тұрғыдан сараптамалық баға берді.
«Біз құқықтық негіздің елде болып жатқан экономикалық және технологиялық өзгерістерге сәйкестігін қамтамасыз етуіміз қажет. Заңнама азаматтар мен бизнеске тұрақты бағдарлар беріп, олардың құқықтарын қорғап, даму үшін жағдай жасауы тиіс», – деді ол.
Талқылауға Құрылтай депутаты Нұрайнаш Қамалова, Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы елшісі Алимирзамин Аскеров, «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Институционалды талдау және реформалар орталығының директоры Тасым Ризат және Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов та қатысты.