Олжас Бектенов «Халықтық құрылыс» бағдарламасын жүзеге асыру үшін нақты жоспар әзірлеуді тапсырды

Автор: Махан Миражан

Бұл туралы ол Үкімет отырысында мәлімдеді

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу қажеттігін айтты. Бұл туралы ол Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет басшысының айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауында Әділетті, Күшті, Таза және Озық Қазақстан құруды басты мақсат ретінде айқындаған.

«Президент жариялаған ауқымды «Халықтық құрылыс» бағдарламасы экономиканың барлық саласындағы түбегейлі инфрақұрылымдық өзгерістер мен реформаларға жол ашады. Жалпыхалықтық жоба жұмыспен қамту деңгейін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға үлкен серпін береді», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр еліміздің әлеуеті мен заманауи инновациялық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану маңызды екенін атап өтті.

«Бұл Жолдау – алдағы кезеңге арналған мазмұндық тұрғыдан ең ауқымды бағдарламалық құжат. Оны жүзеге асыру үшін нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуіміз керек», – деді Үкімет басшысы.