Академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдығына арналған олимпиадада екі мұғалім су жаңа көлік жеңіп алған

Автор: Бақыт Шынар

Математиканың жарысына 75 мектептен 115 мұғалім қатысқан көрінеді

Фото: ұйымдастырушылардан

Алматыда қазақтың атақты математигі, академик Асқар Жұмаділдаевтың 70 жылдығына орай жас мұғалімдер арасында физика және математика пәнінен қалалық олимпиада өтті. Осы білім додасында жүзден астам мұғалімнен озып, нағыз білімін көрсете білген екі мұғалім су жаңа көлік жеңіп алған, деп жазады Azattyq Rýhy.

Жалпы, Олимпиада жас педагогтердің кәсіби шеберлігін дәріптеуге, олардың зияткерлік әлеуетін қолдауға және қоғамдағы ұстаз мәртебесін арттыруға бағытталды. Айтып өткеніміздей, білім жарысына 75-тен астам мектептен 115 жас мұғалім қатысып, олардың 45-і жүлделі орындарға ие болды.

«Байқаудың ең басты ерекшелігі – екі Гран-при иегерінің әрқайсысына Changan автокөлігінің табысталды. Көліктерді Beta High School жекеменшік мектебі сыйға тартты. Математика пәнінен ең жоғары нәтиже көрсеткен №208 мектеп-гимназияның мұғалімі Еркегүл Шынарбек 38 ұпай жинап, қарсыластарынан айқын басым түсті. Ал физика пәнінен №126 мамандандырылған лицейдің мұғалімі Айсана Советхан 16,5 ұпаймен үздік атанды. Осылайша, екі жас педагогтің кәсіби жетістігі жоғары бағаланып, көлікке ие болды», - деп хабарлайды олимпиаданың ұйымдастыру комитеті.

Екі мұғалім де бұндай жарысқа жалпы жеңіс үшін емес, көрген-білгенін одан сайын дамыту үшін  қатысамыз дейді.  Ал математиктің өзі болса бұндай олимпиадалар Қазақстандағы ғылымның дамуына үлес қоса білуі керек дейді. 

«Мұндай олимпиадалар – ғылымның мәртебесін көтеру үшін жасалып жатқан жұмыстар. Бір жағынан, үкімет те қолдау көрсетіп жатыр. Біз осы іске шынайы араласып, атсалысуымыз керек. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға көмектесіп жүрген азаматтардың көбі – менің шәкірттерім. Олар осындай байқау ұйыдастырып, мұғалімдерге білімін көрсетуге керемет мүмкіндік сыйлап отыр.  Соған қуаныштымын», – деді академик Асқар Жұмадіддаев.

Көрнекті математиктің  шәкірттерінің бірі, Beta High School-дың негізін қалаушы Бақнұр Зиябеков осы олимпиадаға демеуші болса, білім жарысы Алматы қаласының Білім басқармасы, қалалық Әдістемелік орталық, Қазақстан математика мұғалімдері қауымдастығының бірлескен ұйымдастыруымен өтті.