«Әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын»: Тоқаев мемлекеттік қызметшілерді сынады

Автор: Маржан Інжу

Жолдауда мемлекеттік аппаратты қағазбастылықтан толық арылтып, шешім қабылдауға кедергі келтіретін рәсімдерді қысқарту қажет екені айтылды

Фото: ЖИ

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаларын әзірлеуді тапсырды. Президент Әкімшілігі 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар ұсынуы керек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Мемлекеттік аппарат қағазбастылықтан толық және біржола арылуы қажет. Шешім қабылдауға, яғни дамуға кедергі келтіретін барлық рәсімді қысқарту керек. Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білікті, озық маман болуға тиіс. Өкінішке қарай, әзірге мұндай деңгейге жеттік деп айту қиын. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерге арналған жаңа әдеп қағидаттарын әзірлеген жөн», - деді президент.

Ол мемлекеттік қызметшілердің Конституция талаптарын басшылыққа алып, елге және халыққа адал қызмет етуі керек екенін атап өтті. Сондай-ақ реформа жекелеген өзгерістермен шектелмей, нақты нәтижеге бағытталуға тиіс екенін айтты.

«Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды. Бұл – құқықтық және қаржылық шаралар қабылдауды талап ететін аса күрделі үдеріс. Президент Әкімшілігі 2027 жылдың 1 маусымына дейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалауға қатысты кешенді жоспар ұсынуы керек. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық технология мен жасанды интеллектіге негізделген жаңа экономикаға бейімдеп, жаңғырту қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.