Сонымен қатар, соңғы уақытта оқушылардың мұғалімдерге дөрекі сөйлеп, тіпті күш қолданатын жағдайлар кездесетінін атап өтті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында мұғалімдердің артық жұмыс жүктемесін азайтып, беделін қорғау қажет екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мемлекет басшысының сөзінше, білім беру саласындағы реформалар ұстаздардың жұмысын жеңілдетуге бағытталуы керек. Алайда қағазбастылықтың орнына түрлі цифрлық платформа мен жүйелерге есеп енгізу міндеті келген.
«Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Бұл міндеттерді орындауға кедергі келтіретін басы артық жұмысты доғару керек», - деді президент.
Президент сондай-ақ соңғы уақытта мектептерде оқушылардың мұғалімдерге дөрекі сөйлеп, тіпті күш қолданатын жағдайлар кездесетінін айтып, бұны қатты сынады.
«Мұндай кезде көбіне мектеп әкімшілігі де мұғалімге қысым көрсетіп жатады. Бұл – дұрыс емес. Әр мәселе мұқият әрі жан-жақты қаралуға тиіс. Кез келген жағдайға отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те – бәрі де бірдей жауапкершілікпен қарауы керек. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты жіті назарда ұстауы қажет», - деді мемлекет басшысы