ІІМ бірқатар сақтық жолын көрсетті
Қазақстанда алаяқтар белең алып барады. Енді қысқы дөңгелек аламын деп ұрынып қалуыңыз мүмкін. Ішкі істер министрлігі осыған байланысты қазақстандықтарға шұғыл ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомство мәліметінше, алаяқтар түрлі интернет сайттарда, әлеуметтік желілерде немесе мессенджерлерде қысқы дөңгелекті арзан бағада сататынын айтып, хабарландырулар жариялайды. Олар өздерін сатушы ретінде көрсетіп, брондау үшін алдын ала төлем жасауды немесе құнын толық төлеуді талап етеді. Ойландыруға уақыт бермес үшін сұраныс көп, ал дөңгелек саны аз екенін айтып асықтырады. Ақшаны алғаннан кейін байланысқа шықпай, нөмірін бұғаттап тастайды.
ІІМ осындай жағдайларға ұшырамас үшін сақтық шараларын ескертті:
«Есіңізде болсын, арзан баға мен тез арада алдын ала төлем жасауды талап ету – интернет-алаяқтықтың белгілері болуы мүмкін. Егер алаяқтарға тап болсаңыз, бірден полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласыңыз», – деді ІІМ.